Саясат

Тышқан жылындағы ауыс-түйіс: билікке кімдер келіп, кімдер кетті

© Sputnik / Абзал КалиевКадровые перестановки, иллюстративное фото
Кадровые перестановки, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Yandex newsTelegram
Өткен жылы үкімет тағы бір министрлікпен толығып, президентке тікелей бағынатын екі агенттік құрылды

НҰР-СҰЛТАН, 5 қаңтар – Sputnik. Тышқан жылы ел билігінің жоғары сатысында ауыс-түйіс аз болмады. Сенат спикері ауысып, денсаулық министрлігінде біраз басшы жылы орнын босатты. Облыс басшылары арасында да кадрлық тағайындау болды. Sputnik Қазақстан 2020 жылы билікке кімдер келіп, кімдер кеткенін еске түсіргенді жөн көрді.

Назарбаева кетті, Әшімбаев келді

Өткен жылы биліктегі басты ауыс-түйіс Дариға Назарбаеваның парламенттен кетуі болды. 

2 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен сенат депутатының өкілеттігі тоқтатылған болатын.

Елбасының үлкен қызы тек сенатор ғана болған жоқ, бір жылдай парламенттің жоғары палатасын басқарды.
Көп ұзамай сенаттың төрағалығына Мәулен Әшімбаев келді. Бұған дейін ол президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған еді.

Әйтсе де, Дариға Назарбаева биліктен мүлде қол үзді деп айтуға келмес. Экс-сенатор биыл 10 қаңтарда Nur Otan партиясы атынан мәжіліс сайлауында бақ сынайды. 

Денсаулық саласындағы ауыс-түйіс 

Коронавирус пандемиясы отандық денсаулық саласының біраз былық-шылығын ашып берді. Қазақстандық медицина кенеттен келген індетке төтеп бере алмады. Ауруханаларда орын, дәріханаларда дәрі болмады. 

Денсаулық сақтау министрлігінің жіберген қателіктерінен кейін басшылық ауысты. Президент ведомствоны үш жарым басқарған Елжан Біртановты министр қызметінен босатып, орнына Алексей Цойды тағайындады. 

Әлеуметтік желіде экс-министр қызметінен өз еркімен кеткенін мәлімдеген болатын. Алайда көп ұзамай Біртанов бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінді. Қазір ол үйқамақта отыр.

Вирустың елге келгеніне "қатты қуанған" Бекшин 

Денсаулық саласындағы кадрлық ауыс-түйістің бірі Жандарбек Бекшиннің министрліктегі жылы орнын тастап, Алматыға ауысуы болды. Оған елдің бұрынғы бас санитарлық дәрігерінің ойланбай айтқан сөзі себеп болды. 

Жаңалықтардан Қытайдан бүкіл әлемге белгісіз дерт тарап жатқанын естіген жұрт онсыз да үрей құшағында жүр еді. Дәл сол кезде Бекшин "наконец-то Қазақстанға вирус келеді" деп жар салады. Шенеуніктің бұл сөзі қазақстандықтардың наразылығын туғызып, шуға айналады. 

Осыдан кейін ол Қазақстанның бас санитарлық дәрігері қызметінен босатылады. Оның орнына Айжан Есмағамбетова келеді. Алайда ол да бұл қызметте көп тұрақтамайды. 

Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығына Алексей Цой келісімен, бас санитарлық дәрігер міндеті вице-министр Ерлан Қиясовқа жүктеледі. 

Ал Жандарбек Бекшин Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері болып тағайындалады. 

Тоқаев тапсырмасымен жұмыстан қуылғандар 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен "СК-Фармация" ЖШС жұмысын сынға алып, басшылығын жұмыстан босатуды тапсырған болатын. Қажет болса тергеу шараларын да жүргізуге нұсқау берді. 

Ертесінде әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов пен "СК-Фармация" ЖШС басшысы Берік Шәріп қызметінен алынды.

10 шілдеде "СК-Фармация" ЖШС басқарма төрағасы Берік Шәріп өз арызы негізінде қызметінен босатылды. Оның орнына Ерхат Есқалиев келді.

Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен Болат Төкежанов "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды. 

Министрлер кабинетіне кімдер келіп, кімдер кетті

Былтыр ақпанда президенттің жарлығымен Ералы Тоғжанов премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалды.

4 мамырда ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің басшылығы ауысты. Ведомствоны басқарып келген Дәурен Абаев Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Ақпарат министрлігіне Аида Балаева келді. 

Бұған дейін ол президент көмекшісі – Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған еді. 

18 мамырда қаржы министрлігінде кадрлық ауыс-түйіс болды. Үкімет басшысының бірінші орынбасары – қаржы министрі болған Әлихан Смайылов қызметінен босатылып, премьер-министрдің бірінші орынбасары болып қайта тағайындалды.

Ал қаржы министрі лауазымы Ерұлан Жамаубаевқа бұйырды. 

Сондай-ақ, былтыр күзде президент Бағдат Мусинді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметіне тағайындау туралы жарлыққа қол қойды.

Ведомствоның тізгінін бір жыл қолында ұстаған экс-министр Асқар Жұмағалиев Қазақстанның Нидерланд Корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі болды.

Жаңадан құрылған министрлік

Төтенше жағдайлар министрлігі Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы жолдауында берген тапсырмасынан кейін құрылды. 

Жаңа ведомствоға ішкі істер министрлігінің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, азаматтық қорғаныс, өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жоюдың мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуін және одан әрі дамуын қамтамасыз ету, өрттердің алдын алуды және сөндіруді ұйымдастыру саласындағы қызметі берілді.

Ал төтенше жағдайлар министрі болып Юрий Ильин тағайындалды.

Ол бұған дейін ішкі істер министрінің орынбасары ретінде төтенше жағдайлар жөніндегі қызметтер мәселесімен айналысты.

Тышқан жылы ауысқан әкімдер 

2020 жылы әртүрлі себеппен орнын босатқан өңір басшылары аз болмады. Соның бірі Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметов. Ол Қордай ауданындағы тәртіпсіздіктерден кейін отставкаға кеткен болатын. Мырзахметовті премьер-министрдің экс-орынбасары Бердібек Сапарбаев алмастырды. 

Өткен жылдың есте қаларлық тағайындауларының бірі – Гүлшара Әбдіқалықованың Қызылорда облысының әкімі болуы. Ол Қазақстан тарихында облысты басқарған тұңғыш әйел әкім атанды.

Бұрынғы әкім Қуанышбек Ысқақов қызметінен босатылды.

Сондай-ақ, былтыр мемлекет басшысының жарлығымен Шымкент қаласының жаңа әкімі болып Мұрат Әйтенов тағайындалды. 

Бұған дейін қаланы 48 жастағы Ерлан Айтаханов басқарған еді.

Бұдан бөлек, Павлодар облысының басшысы да ауысты. Өңір әкімі қызметіне Әбілқайыр Сқақов келді. 

Павлодар облысын оған дейін басқарған Болат Бақауовтың үстінен қылмыстық іс қозғалған болатын.

Шенеунікке лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланды деген айып тағылды. Мамыр айында сот үкімі шығып, үш жарым жылға бас бостандығы шектелді.

"Жынымды келтірмеңізші" деген Жұманғарин қайда келді 

Өткен жылы президентке тікелей бағынатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі пайда болды. 

Соңғының төрағасы болып Серік Жұманғарин тағайындалды. 

Жұманғарин бұған дейін шараға қатысы жоқ сұрақтар қойған тілшілерге "жынымды келтірмеңізші" деп жауап беріп, аты шыққан еді. Бұрынғы вице-министрдің бұлай жауап беруіне тілшінің тарифтер туралы сұрағы себеп болды. Бұл сауал шенеунікке жақпай қалған, ол сол кезде шағын және орта бизнесті қолдау туралы сөйлескісі келген болатын. Кейін Жұманғарин баспасөз қызметі арқылы БАҚ өкілдерінен кешірім сұрады.

Ал Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің басшылығына Келімбетов келді. Жаңа ведомство ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарларды әзірлеп, оның іске асуына баға береді.

 

Жаңалықтар
0