Мәдениет

Президент отандық телеарналарға тарихи фильмдер түсіруді тапсырды

© Sputnik / Анатолий Устиненко"Томирис" фильмінің түсірілімі
Томирис фильмінің түсірілімі - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көп қаражат жұмсамай да жоғары деңгейдегі өнер туындысын түсіруге болады деп санайды

НҰР-СҰЛТАН, 5 қаңтар – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырды. Бұл туралы президент "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласында айтты.

Тоқаев ауқымды көрмелермен немесе басқа да үлкен жобалармен әуестенбей, балаларға, жастарға арналған қарапайым әрі қабылдауға жеңіл туындыларға баса мән берген жөн деп санайды.

"Мысалы, деректі және көркем фильмдерді алайық. Осы бағытта "Алмас қылыш", "Жау жүрек мың бала", "Томирис", "Кейкі батыр", "Тар заман" сияқты тарихи фильмдер түсірілді. Бірақ бұл әлі жеткіліксіз. Мен құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырамын. Әрине, қаржы мәселесі шешілуі керек. Дегенмен, көп қаражат жұмсамай да жоғары деңгейдегі өнер туындысын түсіруге болатынын қырғыз бауырларымыз "Құрманжан датқа" фильмі арқылы анық көрсетті", - деді мемлекет басшысы.  

Президент қазір әлемдік киноиндустрияда тарих тақырыбындағы сценарийлерге сұраныс жоғары екенін атап өтті. Американың да, Еуропаның да айтулы оқиғалары туралы фильмдер өте көп.

Тағы оқыңыз: Қазаққа жерді ешкім сыйға тартқан жоқ - Тоқаев

"Қазір Netfliх, HBO және басқа да алпауыт кинокомпаниялар Азияға бет бұруда. Осы орайда біздің де шежіремізде ауқымды фильмдерге арқау болатын маңызды белестер мен оқиғалар баршылық. Мысалы, әлемдегі ең қуатты империялардың бірі болған Алтын орда тарихы дайын тұрған жоқ па?! Бұл мәселеге болашақта кино саласының мамандары баса назар аударғаны жөн", - деді ол.

Тоқаев көркем және деректі тарихи туындыларда мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажет екенін қадап айтты.

"Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек", - деді мемлекет басшысы.

Сонымен бірге, осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі қолдауға ие болуы және бағалануы қажет. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс, деп толықтырды президент.

Жаңалықтар
0