НҰР-СҰЛТАН, 5 қаңтар — Sputnik. Ақтөбе облысының Хромтау ауданындағы "Весенне-Аралчинский" кенішіндегі қайғылы оқиға туралы жаңа мәліметтер шықты.
30 желтоқсан күні жерасты кенішінде жарылыс жұмыстарын орындау барысында "Ақтөбе мыс компаниясы" ЖШС-ның төрт жұмысшысы қаза тапты. Оқиғаны тергеу үшін арнайы комиссия құрылған болатын.
Қайғылы оқиға кезінде жалғыз аман қалған кенші Қанат Абдуллаев "Диапазон" өңірлік басылымына жарылыстан кейін қою ақ тұман пайда болғанын айтты.
Ақтөбе облысында қаза тапқан кеншілердің аты-жөні жарияланды
"20 сантиметр жер көрінгенімен, одан кейін тек ақ қабырға тұрғандай болды. Біз машинаға мініп үлгердік, ол алға жылжығанмен, ештеңе көрінбеді. Біз тұншығып, өзін-өзі құтқару құрылғысын қолымызға алдық. Одан соң машина тоқтап, барлығы жоғары қарай жүгірді. Мен "Тоқтаңдар, артқа қайтыңдар!" деп айқайладым. Газ жұтып қойып, орнымда отыра бердім де, газдан құтқаратын құрылғы арқылы тыныстадым. Біршама уақыттан кейін тұман сейіліп, жоғары қарай кете бастады. Шамамен 20-40 минут отырдым", - деді тірі қалған ер адам.
Құрылғысыз дем алуға мүмкіндік туған кезде Абдуллаев әріптестерін іздемек болады. Ол 50-60 метр жүріп өткен соң, жерде жатқан төрт ер адамның мәйітіне тап болған.
"Бірі құтқарушы құрылғыны қолынан түсіріп алыпты, екеуі ауызына киіп үлгерген, үшіншісі қолына ұстап жатты. Олар уланып қалды. Газдан құтқаратын аспап 2 сағат 40 минутқа жетеді. Бастысы, оны қолданып үлгеру керек. Сол күні бір түсініксіз жағдай болды. Тұман қайдан пайда болғанын білмеймін. Мұндай ешқашан болған емес. Әлде желдету жүйесіне зақым келді ме екен", - деп Абдуллаев өз болжамын айтты.
Ол Ақтөбе мыс компаниясында жұмыс істеп жатқанына бір жыл болғанын, бұған дейін Донск тау-кен байыту комбинатында еңбек еткенін жеткізді. Жарушының жалпы еңбек өтілі 32 жыл. Қазір кеншінің еміне 5 миллион теңге бөлу мәселесі шешіліп жатыр.
Еңбек инспекциясы басқармасының хабарламасына сәйкес, кеншілердің қаза табуына белгісіз газдан улану себеп болған. Кеніштегі барлық жұмыс тоқтатылған.
Қылмыстық кодекстің 156-бабының 4-бөлімі "Байқаусызда екі немесе одан да көп адамның өліміне алып келген еңбекті қорғау ережелерінің бұзылуы" бойынша іс қозғалды. Қайтыс болғандардың отбасыларына жерлеу рәсімдеріне 2 миллион теңгеден бөлінді.