Экономика

Қазақстанда қаңтардан бастап кімдердің жалақысы өсті

© Sputnik / Абзал КалиевАдам ақша санап отыр
Адам ақша санап отыр - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Тек мектеп мұғалімдерінің емес, балабақша, колледж, қосымша білім беру жүйесі педагогтерінің де айлығы көтеріледі

НҰР-СҰЛТАН, 4 қаңтар – Sputnik. 2021 жылы мұғалімдер, дәрігерлер және әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы көтеріледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

2021 жылдың қаңтар айынан бастап барлық педагогтің жалақысы тағы 25 процентке көбейді. Олардың арасында балабақша, колледж, қосымша білім беру жүйесінің мұғалімдері де бар.

Бұдан бөлек, медицина қызметкерлерінің айлығы да кезең-кезеңмен арттырылады. Президент 2023 жылға қарай дәрігердің орташа жалақысының экономикадағы орташа еңбекақыға арақатынасын 2,5 есеге жеткізу міндетін қойды. Денсаулық сақтау саласын дамыту бағдарламасына сәйкес, 2025 жылға қарай ақ халаттылардың жалақысы шамамен 550 мың теңгені құрайды.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда 2021 жылы зейнетақы қаншаға өсетіні белгілі болды

Сонымен қатар, қаңтардан бастап әлеуметтік қызметкерлердің де айлығы кезең-кезеңмен өседі.

Атап айтқанда, стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде, уақытша болу мекемелерінде жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлер мен басшылық құрамның, сондай-ақ үйде қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлердің еңбекақысы ұлғаяды.

Еңбек министрлігінің ақпаратынша, 2021 жылдан лауазымдық жалақыны ұлғайту жолымен жалақы 1,5 есеге, 2022 жылдың 1 қаңтарынан қазіргі мөлшерден 1,75 есеге, ал 2023 жылы 2 есеге өседі.

Бұл үшін республикалық бюджеттен алдағы үш жылға 95 миллиард теңге қарастырылған.

Жаңалықтар
0