АЛМАТЫ, 4 қаңтар – Sputnik. 2020 жыл қазақстандықтар үшін ауыр жыл болды. Наурызда коронавирус пандемиясы басталып, қаншама шаңырақ қара жамылды. Биыл елдің бетке ұстар біршама азаматы өмірден өтіп, қалың қазақ аза тұтты. Оның ішінде артынан сөз қалған ғалым да, елдің сүйіспеншілігіне бөленген әртіс пен әнші, дизайнер мен тілші де бар.
Қазақ ғылымы ауыр қайғыға ұшырады
Қазақ ғылымы шілденің төртінде ауыр қайғыға ұшырады. Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Рәбиға Сыздық 96 жасында дүниеден озды.
Рәбиға Сыздық - қазақ тіл білімі үшін "Лингвистикалық стилистика" деген жаңа саланың негізін салушы ғалым. Саналы ғұмырында ол қазақ тіліне қатысы бар ортағасырлық жазба ескерткіштер тілін, тарихи лексикология, стилистика, тіл мәдениеті және орфография, орфоэпияны зерттеген.
Рәбиға Сыздық "Абайдың сөз өрнегі", "Сөз құдіреті" атты монография жазған.
"Құрмет белгісі" орденінің иегері, "Парасат" орденімен марапатталған.
2019 жылдың 29 тамызында Рәбиға Сыздық президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен І дәрежелі "Барыс"орденімен марапатталған еді.
Академиктер өмірден өтті
Қаңтардың тоғызында ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Халықаралық қазақ тілі қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы 83 жасында қайтыс болды деген суыт хабар жетті.
Профессор Өмірзақ Айтбайұлы ғылым жолында қазақ тілінің лексикологиясы мен терминологиясына арналған 500-ге жуық мақала жазған.
Қазақ терминологиясы бойынша 21 кітап мен монографиялар жазды, шәкірт тәрбиеледі.
"Жердің қасиеті, елдің қасиеті деген үлкен нәрсе. Адамды тәрбиелейтін – жер, өсіп шыққан жерің, рухани жан дүниеңді байытатын тіл", - деген еді ғалым.
26 шілдеде қазақстандық академик, экономист, мемлекет және қоғам қайраткері Кенжеғали Сағадиев 83 жасында дүниеден озды.
Кенжеғали Сағадиев ел егемендік алғанға дейін де ұлт мүддесі жолында жұмыс істеген. Әкесі Ахмет Байтұрсынұлының көзін көрген.
"Адалдық, адамдық, өмірге деген ынта адамның қанынан келеді. Алдымен өзіңнің еңбегіңді көрсету керек. Мен кілең ауыр еңбекте жүрген адаммын. Соны көріп өскен баланың жалқау болуға себебі жоқ", - деген еді ғалым сұқбаттарының бірінде.
Ол бала күнінде философ болуды армандаған, алайда экономика саласын таңдап, елеулі еңбек сіңірді.
"Университетте философия-экономика факультеті болды. Философтар әңгіме айтып отырады, елге экономистер керек деп сол жаққа ауыстым", - деді Сағадиев.
Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетін бітірген Кенжеғали Сағадиев 1977 жылы экономика ғылымдарының докторы болды, бір жылдан кейін оған профессор атағы берілді.
Ғалым Қазақстандағы бес жоғары оқу орнын басқарған. Целиноград ауылшаруашылық институты мен Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің ректоры болып жұмыс істеді. Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Халықаралық бизнес университеті және Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің президенті болды.
Парламент мәжілісінің үшінші және төртінші шақырылымының депутаты болып сайланып, қаржы және бюджет комитетінің төрағасы қызметін атқарды.
Академик Сағадиев өзінің ғылыми мектебін құрды. Ол – 445-тен астам ғылыми жұмыстың, оның ішінде 20 монография мен оқулықтардың авторы.
Ол АҚШ-тың Нью-Йорк академиясы мен америкалық экономикалық ғалымдар қауымдастығының мүшесі, Пәкістан ғылым академиясының академигі.
Академикті ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне карантинге байланысты марқұмның тек туыстары қатысты. Ал ғалымды еске алуға арналған іс-шаралар 2021 жылдың 25 шілдесінде ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр.
Қазақ журналистикасы үшін ауыр қаза
18 мамырда белгілі журналист, "Жетісу" телеарнасының директоры Бейсен Құранбек 49 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
Халықтың ыстық ықыласына бөленген журналист бірнеше жыл бойы ауырған еді.
Ол телеарнаға берген соңғы сұқбатында журналист болуды армандамағанын айтқан болатын.
"Журналист боламын деп армандамадым, футболшы болғым келді. Ауылда жүріп, доп қуалағанымыз оған жарамайды екен. Содан футболшы бола алмайтынымды мектеп бітіріп, қалаға келгенде түсіндім. Әскерге барып келген соң, бойымдағы қабілетті саралай бастадым. Содан спорт журналисі болу туралы ой келді. Жолдастарымның арасында шығарманы жақсы жазатынмын", - деген еді Құранбек.
Еңбек жолын республикалық "Спорт" газетінде тілші, жауапты хатшы қызметінен бастаған.
Одан кейін телевизия саласына ауысып, "Рахат", "31 арна", "Хабар" арналарында, президент телерадиокешенінде қызмет етті.
"Журналист бей-жай, енжар болмауы тиіс. Яғни, ол адамның өміріне, қоғамда болып жатқан жаңалықтарға, өзгерістерге жанашырлықпен, қызығушылықпен қарауы тиіс. Қалғаны жазу, сөйлеу, зерттеу, білім алу уақыт өте үйренетін нәрсе", - деді ол.
Бейсен Құранбек "Қазақстан" ұлттық телеарнасында "Айтуға оңай" ток-шоуын, "Қарекет" бағдарламасын жүргізді. Осы кезде бағдарлама барысында қаншама адамның тағдырына араша болып, қайғысы мен қуанышын өн бойынан өткізе білді.
Кейін Алматы облыстық "Жетісу" телеарнасының бас директоры болып қайта тағайындалды.
Журналист жастарға қалдырған соңғы сөзінде "жастарда бізге ақшаны, алтынды, үйді әкеліп бере салу керек деген болмауы тиіс. Олай болса жастар жатыпішер арамтамаққа айналады" деген болатын.
Журналистің қазасына Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көңіл айтты.
Кейіннен журналистер арасындағы "Жігер" сыйлығына Бейсен Құранбек атындағы номинация қосылды.
Қазақ ән өнері аза тұтты
24 сәуірде аты аңызға айналған "Дос-Мұқасан" ансамблінің мүшесі, топтың негізін салушылардың бірі Хамит Санбаев ұзаққа созылған аурудан 78 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
"Дос-Мұқасан" тобында Санбаев 1967-1972 жылдары өнер көрсеткен, саксафон тартқан.
Мамырда Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші әрі композитор Гүлнар Дәукенова қайтыс болды.
Ол халық арасына кеңінен танылған "Сағындым сағым жылдар", "Күрең күз", "Қайран уақыт", "Шыңдағы шынарым-ай", "Мөлдір сезім" секілді көптеген әннің авторы.
Композитордың көптеген әнін марқұм Мәдина Ералиева орындаған.
Гүлнар Даукенованың әндерін қазір Нұрғали Нүсіпжанов, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Айгүл Қосанова, Тамара Асар, Меруерт Түсіпбаева, Айгүл Иманбай, Гүлнар Оразымбетова, Ақбота Керімбекова, Мирас пен Құралай, "Жігіттер" квартеті, "Кешью" топтары орындап жүр.
Өнер саңлағы дүниеден өтті
2020 жылы еліміз белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кеңес Дүйсекеевтен айырылды. Ол 74 жасында бақилық болды.
Кеңес Дүйсекеевтің алғашқы күйі – "Балалық шақ". Оны мектепте оқып жүргенде жазған.
"Комозитор үшін жазған әні орындалып жатса, халық сүйсініп жатса, одан асқан арман жоқ. Тірі кезіңде сенің әніңді халықтың әні деп жатса, арман жоқ", - деген еді Дүйсекеев.
Саналы ғұмырында композитор 200-ге тарта ән жазды, оның ішінде "Толғау" симфониясы, "Жалаңтөс батыр" симфония поэма-картинасы, "О, дүние" кантатасы, "Жыл мезгілдері" романстар циклы, "Мәди", "Аққу Жібек" мюзиклі, "Алдар көсе" опереттасы қалың қазаққа таныс.
Композитор 1994 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері құрметті атағымен марапатталды.
Дүйсекеевтің жетекшілігімен "Тамаша", "Халық – талант қайнары", "Шабыт", "Жастарға арналған музыкалық кештер", "Музыка әлемінде" секілді теледидарға арналған бағдарламалар шығарылды.
2005 жылы Дүйсекеевке "Құрмет" ордені, 2014 жылы "Парасат" ордені берілді.
Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазақ
2 тамызда 70 жасқа қараған шағында Қазақстанның Еңбек ері, Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіров дүниеден өтті.
1980 жылы Мәскеу Олимпиадасынан кейін Жақсылық Үшкемпіровтің есімі Қазақстанның спорт тарихында алтын әріптермен жазылды. Ол – грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазақ.
Спортшыны құрама сапынан екінші рет алып тастағысы келгендер болған. Үшкемпіров Мәскеуде өнер көрсетпеуі де мүмкін еді. Сол кезде Үшкемпіровтің тәлімгері, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Вадим Псарев пен КСРО спорт комитеті төрағасының орынбасары Анатолий Колесов спортшының мүддесін қорғайды. Осылайша, Үшкемпіров Олимпиадаға барды.
Биыл Мәскеу Олимпиадасының өткеніне 40 жыл болды. Соған байланысты чемпион Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат берген болатын.
"Таңертең 8-ден 9-ға дейін салмақ өлшеді. Осыдан кейін жеребе тартып, маған 13-ші нөмір – сол кездегі әлем және Еуропа чемпионы, жеңілмеген румындық балуан Константин Александр түсті", - деді Жақсылық Әміралыұлы Мәскеудегі күндерін еске алып.
Үшкемпіров 1968 жылдан бастап спортпен шұғылданған. Ірі халықаралық жарыстың 37 дүркін чемпионы болған.
"Мұның бәрін айту оңай болғанымен, үлкен еңбек керек", - деген еді спортшы.
Спортшының қазасына байланысты Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көңіл айтты.
Парламентте қызмет еткендер
Жыл басында бұрынғы мәжіліс депутаты Қамал Бұрханов қайтыс болды. Саяси ғылымдардың докторы, профессор қызмет жолын Қастеев атындағы өнер музейінің ғылым қызметкері болып бастаған. Кейіннен Киров атындағы университетте түрлі қызмет атқарды.
2004-2006 жылдар аралығында президент әкімшілігінің бас сарапшысы, 2007-2016 жылдары төртінші және бесінші сайланған парламент мәжілісінің депутаты болды.
Ал 17 қазанда мәжіліс депутаты, экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Глеб Щегельский өмірден өтті. Ол 51 жасында жүрек талмасынан көз жұмды.
2012 жылдан бесінші сайланған, 2016 жылдан алтыншы сайланған парламент мәжілісінің депутаты болды. Артында төрт баласы қалды.
Қазақ киносы талантты әртістен айырылды
Қазақстандықтар үшін шілде айы қаралы хабармен басталды. Театр және кино актері Дархан Дайырбек шілденің 7-нен 8-не қараған түні өмірден озды. Ол бір аптадай жансақтау бөлімінде жатқан.
4-сыныпта мектепте оркестрде примада ойнаған ол бала күнінен домбыраны шебер тартқан. Көзі тірісінде актер өнерге бұралаңы көп жолмен келгенін айтқан еді. Бала күнінен биология мен химияға жақын болған Дархан Дайырбек Қарағандыға химия факультетіне оқуға түседі.
Оны бітірген соң филормонияға жұмысқа қабылданған.
Дархан Дайырбек 1994 жылы Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдаған. Әуезов атындағы мемлекеттік театрда қызмет еткен, "Терісқақпай" театрының актері болды.
"Қандай жұмыс болмасын, айлығына да қарамай, театрда қызмет жасадық. Театрды сүйгендіктен театрда жүрдік. Театрдан кеткен соң "Терісқақпайға" шақырды. Содан 2000 жылдан бастап эстрада жанрында жұмысым басталды", - деген болатын Дайырбек.
Ол "Ограбление по-казахски", "Сүрбойдақ", "Келинка Сабина-2", "Әкім", "Құдалар", "Жених на пять дней" және "Досье тамады" фильмдеріне түскен.
"Бәйтерек" авторы
29 шілдеде Алматыда Қазақстан сәулетшілер одағының басшысы, елорданың символына айналған "Бәйтерек" монументінің авторы Ақмырза Рүстембеков өмірден озды.
Ол "Астана-Байтерек" монументін жобалаушы архитекторлар тобының жетекшісі болды. Жоба Қазақстанның тұңғыш президенті Назарбаевтың бастамасымен әзірленген еді. Металл, әйнек пен бетоннан жасалған бұл монументтің биіктігі – 97 метр.
Сол жылдары Қазақстанның астанасында бой көтеретін монументтің нұсқасын шетелден де жіберген.
"Астананың символы болғандықтан Қазақстанның сәулетшілері салса дұрыс болады деген пікір айттым. Бір топ әріптесімді, жас жігіттерді жинап, дайындала бастадық. Содан бәйтерек, самұрық құс болса екен деген ой келді. Жақсылық пен жамандықты көрсетсек дедік", - деді Рүстембеков.
Монумент салынатын кезде жердің астынан су шыға бастаған. Оны да арнайы құрылғымен басқа жаққа шығарған. Осылайша, қызығы мен қиындығы қатар жүрген құрылыс жұмыстары басталады. Сол уақытта Рүстембеков Алматы мен елорда арасында тынбай қатынап жұмыс істеген.
"Елбасы өзі бақылап отырды. Макетті әкелгеннен кейін биіктігі 97 метрден аспасын деген тапсырма берді. Ол біздің тарихымыз екенін айтты", - дейді ол.
Құрылыс барысында елорда ауа райының қолайсыздығына байланысты күн сайын синоптиктермен күнделікті байланысып отырған.
Рүстембеков – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Шығыс елдері халықаралық сәулет академиясының мүшесі, Ресей сәулетшілер одағының құрметті мүшесі.
"Астана-Байтерек" нысаны үшін сәулетшіге Халықаралық сәулетшілер қауымдастығының байқауында 2002 жылдың үздік құрылыс нысаны аталымы бойынша гран-при мен Алтын медаль берілді.
Ақмырза Рүстембековтің қазақ және шетел басылымдарында архитектура және қала құрылысы туралы 25-тен аса мақаласы жарияланған.
Сән әлемінің саңлағы
Сұлулық әлемінде өзіндік орны бар дизайнер Берік Ысмайылов 7 шілдеде қайтыс болды. Ысмайылов 1962 жылы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында дүниеге келген.
Ер азаматтар меңгеруге батылы бара бермейтін бұл салаға Берік Ысмайылов қиындықпен келген.
"Екі балам бар кез еді. Бес жыл оқыған диплом керек болмады. Ақшадан қиналған кезде бәріміз базарға кеттік. Қолымызда өнер бар, күнде юбка, шалбар тігіп, базарға апарып сатамыз. Әйелдердің тірлігі деген сыннан, қиын жағдайдан өттім", - деген еді Ысмайылов.
Дизайнер шығармашылық жолының басында әйелімен бірге үйде отырып 50-60 белдемше тіккен. Оны Мәскеуге апарып сатқан. Әйелі көшеде киімдерді киіп тұрған, Ысмайылов сатушы болған.
Польшаға барып 100 доллар пайда тауып, қызметін сол қаржымен бастаған.
Мәскеулік маманмен танысқан соң, қаладағы үйін сатып, Мәскеуге оқуға түседі. Дизайнердің іскерлік жолына осылай көтерілген.
Берік Ысмайылов – халықаралық дизайнерлер қауымдастығының мүшесі, "Берік Ысмайылов" авторлық сән салонының директоры. Көзі тірісінде отандық және шетелдік өнерпаздармен жұмыс істеді.
Қазақ спортының ардагері
2020 жылы қазақ халқы Қазақстан спортының ардагері Серік Әбденәлиевтен айырылды.
Ол 19 жасында республика чемпионы атанды, артынан төрт рет Қазақ республикасы чемпионатында жеңіске жетті. 1960 жылы одақ деңгейінде чемпион атанды. КСРО спорт шебері атағын алды. Ұстаздық қызметін қоса алып жүрді.
1965 жылы рингке шығуды тоқтатып, әскерге барып келді. Содан ұстаздық қызметіне бел шеше кірісті. Әлем және Еуропа чемпиондарын тәрбиелеп шығарды.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Серік Әбденәлиев бокстан ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне тағайындалды. Ал үш жылдан кейін мемлекеттік жаттықтырушы дәрежесін алды.
2000 жылы Сиднейде өткен дүбірлі додада Серік Әбденәлиев Олимпиадада төрелік еткен тұңғыш қазақ маманы болды. Ол теориялық және практикалық тесттердің барлығын тапсырып, 34 төрешінің қатарына енген.