НҰР-СҰЛТАН, 3 қаңтар – Sputnik. Жаңа жылдан бастап қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалана алады. Ақшаны баспана алуға, емделуге және қаржы компанияларына басқаруға беруге рұқсат етіледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2021 жылы зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігіне 1 миллионға жуық қазақстандық ие болады.
Олар:
- зейнетақы жинағы бар, қордағы ақшасы "жеткіліктілік шегінен" асатын еңбекке жарамды жастағы азаматтар;
- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жинағы бар зейнеткерлер;
- зейнетақы аннуитетін рәсімдеген және шотында жинағы қалған қазақстандықтар.
Ақша адамның жеке шотына аударылмайды және қолма-қол берілмейді. Бірыңғай оператор арқылы іске асырылады.
Зейнетақы жинағын жұмсау үшін шоттағы ақша "жеткіліктілік" шегінен асуы тиіс. Мәселен, 30 жастағы адам үшін жеткіліктілік шегі – 2 миллион 518 мың теңге.
Жеткіліктілік шегі – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында шоты бар салымшыға қажетті ең төменгі сома. Егер шоттағы жинақ сол сомадан асса, қалған ақшаны мақсатты түрде пайдалануға болады.
Тағы оқыңыз: Зейнетақы жинағын нақты қандай ауруды емдеу үшін қолдануға болады
Жеткіліктілік шегі ерлер мен әйелдер үшін бірдей.
Зейнетақы жинағының бір бөлігін бір емес, бірнеше рет алу құқығы беріледі.
Салымшы ақшаны өзі үшін, жұбайы және жақын туыстары үшін пайдалана алады. Заң бойынша жақын туыстарына ата-әжесі, ата-анасы, балалары, немерелері, бауырлары жатады.
Сондай-ақ, отбасы мүшелері зейнетақы жинақтарын қосып, белгілі бір мақсатта пайдалануға өтініш бере алады.
Айта кетсек, зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алған кезде, 10% мөлшерінде жеке табыс салығы салынбайды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті заңға қол қойған болатын.
Оған сәйкес, зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алатын азаматтарға табыс салығын төлеу мерзімін кейінге қалдыру құқығы беріледі. Олар табыс салығын зейнетке шыққан соң, 16 жыл ішінде бөліп төлей алады.