АЛМАТЫ, 3 қаңтар – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазақстандықтарға сақ болуға кеңес берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Коронавирус пандемиясы әлі жалғасып жатыр. Осыған назар аудартқым келеді. Вирусты әлі жеңген жоқпыз. Сондықтан әрбір адам жағдайға жауапкершілікпен қарағаны жөн. Олар вирусты жұқтырып алмауы немесе басқаларға жұқтырмауы үшін барлық талапты орындауы керек. Маска тағып, арақашықтықты сақтап, жеке бастың тазалығын сақтап жүріңіздер", - деді министр орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда тағы 714 адамда коронавирус анықталды
Оның айтуынша, қазіргі таңда "қызыл" аймақта Атырау облысы, "сары" аймақта Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары және Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары тұр.
Жалпы Қазақстанның өзі коронавирустың таралуы бойынша "жасыл" аймаққа кіреді.
Республикада індет басталғалы бері 156 943 адам коронавирус жұқтырды.