НҰР-СҰЛТАН, 3 қаңтар – Sputnik. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтарды дактилоскопиялық тіркеу басталады, деп хабарлады Қазақстанның ішкі істер министрлігі.
2021 жылдан басталуы тиіс дактилоскопиялық тіркеу (саусақ ізін алу – Sputnik) елдегі және әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты 2023 жылға ауыстырылды.
"Коронавирус пандемиясына және COVID-19 індетіне жасалған болжамдарға байланысты азаматтарды дактилоскопиялық тіркеу 2023 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Тиісті өзгерістер "Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы" заңға енгізіледі", – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, бұған дейін ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп дактилоскопиялық тіркеуді 2023 жылдың 1 қаңтарына ауыстыру туралы ұсыныс жасаған болатын.
Оқи отырыңыз: Президент мемлекеттік қызметті пайдалану кезінде биометрияны енгізуді тапсырды
Министрлік "Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының заңы сонау 2016 жылдың желтоқсанында қабылданғанын және 2021 жылдың 1 қаңтарында күшіне енуі тиіс болғанын еске салды. Алайда заңның кейбір нормалары қайта қаралды.
Азаматтар он алты жасқа толуына байланысты паспорт немесе жеке куәлік алғанда, сондай-ақ мерзімі аяқталып немесе жоғалуына байланысты құжаттарын ауыстырған кезде ғана дактилоскопиялық тіркеуден өтеді.