Қоғам

Экс-ректор сотталып, директорлар ұсталды: 2020 жылы білім саласында болған дау-дамайлар

© Sputnik / Абзал КалиевСудебное разбирательство в отношении экс-заместителей министра энергетики - Гани Садибекова и Бакытжана Джаксалиева
Судебное разбирательство в отношении экс-заместителей министра энергетики - Гани Садибекова и Бакытжана Джаксалиева - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Sputnik Қазақстан 2020 жылы білім саласында болған дау-дамайлар мен қылмыстық істерді еске алуды жөн көрді

НҰР-СҰЛТАН, 3 қаңтар – Sputnik. Былтыр білім саласында дау-дамай аз болған жоқ. Алдымен қашықтан оқыту жүйесі сынға ұшырады. Одан кейін білім министрінің докторлық диссертациясы талқыға салынды. Сыбайлас жемқорлық үшін ұсталған шенеуніктер де аз емес.

Коронавирус саланың кемшін тұсын көрсетті

Коронавирус пандемиясы басталғаннан кейін оқушылар мен студенттерді онлайн форматқа ауыстыруға тура келді. Бірақ осы жұмыс бірден жүріп кетпеді. Себебі электронды білім беру жүйесінен ақаулық шықты. Білім және ғылым министрлігі бірнеше онлайн платформаны дайындаған. Алайда миллиондаған оқушы бір уақытта кірген кезде желінің жүктемесі көбейіп, байланыс үзілді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та онлайн оқыту жүйесін сынға алды.

"Карантиндік режимге көшкеннен кейін мектептер мен университеттерде қашықтан оқыту жүйесі енгізілді. Дегенмен, интернет-жүйесі сынақтан өте алмады, былайша айтқанда, стресс-тесттен өткен жоқ. Маңызды әрі жүйелі кемшіліктер анықталды. Білім министрлігі теледидар арқылы сабақ беруге мәжбүр болды", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы E-Learning жүйесін де еске алды. Бұған дейін шенеуніктер оны жан-жақты жарнамалаған. Бірақ нақты іске келгенде "опырылып қалды". Сосын қашықтан оқыту кезінде әдепсіз видеоларды көрсету оқиғалары да аз болған жоқ.

Ал 21 шілде күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Алик Шпекбаев екі қылмыстық істің қозғалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, екі жоғары лауазымды тұлға тергеуге алынған. Біреуі білім және ғылым министрлігінде істесе, екіншісі – цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігінің қызметкері. Шпекбаев "жоғары лауазымды тұлғалардың" аты-жөнін атаған жоқ. Олардың кім екені әлі күнге дейін белгісіз. Бірақ агенттік басшысы екі қылмыстық істің цифрландыруға қатысты қозғалғанын ашық айтты.

Министрге қандай айып тағылды

Ақпан айында Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің басшысы Анар Қайырбекова қызметінен босатылды. Білім және ғылым министрлігінің басшылары оны жақсы біледі. 2019 жылы ол әкімшілік жұмыс және мемлекеттік сатып алу департаментінің директоры болып отырғанда жауапты хатшы Арын Өрсәриев пен вице-министр Рүстем Биғариді қысым жасағаны үшін айыптаған.

Оның айтуынша, жоғары лауазымды шенеуніктер атқарылған жұмыстар туралы құжаттарға қол қоюға міндеттеді. Артынан президент Қасым-Жомарт Тоқаев жауапты хатшыны қызметінен босатты. Одан кейін плагиат дауына іліккен вице-министр Фатима Жақыпова да жұмыстан кетті. Осы мәселені де Анар Қайырбекова көтерген.

Сол кезде Қайырбекованың өзі Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ректоры болып тағайындалды. Бірақ 2020 жылы ақпан айында жұмыссыз қалды. Білім және ғылым министрлігі оны жұмыстан босату себебін қысқа ғана түсіндірген.

"Өкінішке қарай, жұмысты ұйымдастыру барысында А. Қайырбекова тарапынан кемшіліктерге жол беріліп, ҚР Білім және ғылым министрлігімен белгіленген міндеттер орындалмаған", - делінген ресми хабарламада.

Ал шілде айында Қайырбекова Youtube желісінде видео жариялап, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовты 2009 жылы қорғаған докторлық диссертация материалдарын ауыстырғаны үшін айыптады.  Оның сөзіне қарағанда, былтыр ғылыми жұмысты жаңартып, ішіне қосымша материал қосып жіберген. Министрдің өзі сотқа жүгінетінін айтты.

Экс-ректор 8 жылға сотталды

Қарашаның басында Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің экс-ректоры Дамир Шыныбеков пен бұрынғы бас есепші Жанайым Спабековаға қатысты сот үкімі шықты.

Тергеу материалдарына сәйкес, 2013-2018 жылдар аралығында білім және ғылым министрлігі университетке 10 миллиард теңгеден астам бюджет қаржысы аударған. Ал Шыныбеков пен Спабекова жыл сайын студенттердің санын артық көрсетіп, жалған құжаттардың негізінде 1 миллиард 727 миллион теңгені жымқырған. Осы ақшаға қымбат көлік мен пәтер сатып алды.

Оқи отырыңыз: Биыл бірқатар шенеуніктің қылмысы әшкере болды – ұстау операциясының видеосы

Сотта екеуі де кінәлі деп танылды. Судья олардың ақшаны қайтармағанын ескеріп, максималды жазаны тағайындады. Оған сәйкес, Шыныбеков те, Спабекова да 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Екеуінің мүлкі тәркіленді. Сондай-ақ, бес жылға білім және ғылым саласында басшылық қызметтерді атқаруға тыйым салынды.

Сыбайлас жемқорлық тыйылмай тұр

Биыл білім саласы сыбайлас жемқорлық жағынан екінші орынға шықты. Статистикаға сәйкес, жергілікті деңгейде білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық фактілері 20 процентке өскен.

Білім беру мекемелерінің басшылары, көбінесе өздеріне жүктелген сенімді теріс пайдаланып, бюджет қаражатын талан-таражға салады. Атап айтқанда, ақшаны банк карточкаларына заңсыз аудара салады, я болмаса, бір адамды жұмысқа тіркеп қояды да, соның жалақысын алып жүреді. Ал ресми түрде жұмысқа тұрғызған адамдардан "қайырымдылық танытқаны үшін" ақша алады. Тіпті, жұмыстан шығармағаны үшін де "ставка" бар екен. Ондай фактілер аз емес.

Мәселен, Түркістан облысының Сарыағаш ауданында орта мектеп директоры мұғалімді жұмыстан шығармағаны үшін 420 мың теңге пара алған. Тура сондай фактілер Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстарында, Шымкент пен Нұр-Сұлтан қалаларында анықталды.

Ал Шиелі ауданына қарасты "Бірлестік" ауылдық округіндегі № 142 орта мектептің директорына 9 миллион теңгенің айыппұлы салынды. Ол күзетшіні жұмысқа алғаны үшін 300 мың теңге көлемінде пара алған. Үштерек ауылының мектеп директоры 8 миллион теңгенің айыппұлын арқалады. Ол мұғалімді жұмысқа орналастырғаны үшін 200 мың теңге алған.

Карантин кезінде балаларға компьютер сатып алуға бөлінген қаржыны жымқыру фактілері де болды. Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе аудандық білім бөлімінің лауазымды тұлғалары төтенше жағдай кезінде 6 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған. Осы ақшаға 100 дана ноутбук сатып алынуы тиіс еді.

Жаңалықтар
0