Спорт

2020 жыл: қазақстандық спортшылардың жеңісі мен жеңілісі

© Sputnik / Болат ШайхиновНационально-культурный комплекс "Этноаул"
Национально-культурный комплекс Этноаул - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстандық спортшылар Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына дайындалған еді. Алайда 2020 жылы коронавирус пандемиясына байланысты төрт жылда бір келетін бұл айтулы жарыс кейінге қалды

НҰР-СҰЛТАН, 1 қаңтар — Sputnik. Пандемияға қарамастан отандық спортшылар биыл бірнеше жарыста төбе көрсетті. Sputnik Қазақстан тілшісі отандық спортшылардың 2020 жылдағы жеңісі мен жеңілісіне шолу жасады.

Әлем чемпионы атағын қорғап қалды

Жыл бойы қазақстандықтар ғана емес, әлем бойынша көрермендер Геннадий Головкин мен польшалық боксшы Камил Шереметаның жекпе-жегін күтті. Бастапқыда Головкиннің 2020 жылдың ақпанында жұдырықтасатыны хабарланды. Кейіннен қос спортшының кездесуі қарашада өтеді делінді. Алайда спортшылар 19 желтоқсанда кездесті.

Орта салмақтағы IBF және IBO тұжырымдамасы бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкиннің басымдығы бірінші раундтан-ақ көрінді. Ол қарсыласын нокдаунға жіберді. Екінші, төртінші және жетінші раундта да Шеремета құлап, қайта-қайта тұрумен болды. Отандасымыздың қарсыласы жетінші раундта техникалық нокаутқа түсіп, сегізінші раундта жұдырықтасудан бас тартты.

Жекпе-жек барысында польшалық спортшы төрт рет нокдаунға түсті. 

Головкин осымен IBF және IBO тұжырымдамасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы титулын 21-ші рет қорғады. Осылайша рекорд орнатты.

Содан кейін қазақстандық спортшыны ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құттықтады.

Айта кетейік, спорттағы мансабында Головкин 40 кездесу өткізді, 38-інде жеңіске жетті (35 нокаут). Сауль Альвареспен бірінші жекпе-жегінде есеп тең түссе, екіншісінде жеңілді.

Ағайынды Елеусіновтер: жеңіс пен жеңіліс

Қарашада Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов кәсіпқой бокстағы оныншы жекпе-жегін өткізді. Мансабында алғаш рет белбеу үшін жұдырықтасуға мүмкіндік алған спортшы жартылай орта салмақта IBF Intercontinental белбеуін жеңіп алды.

Елеусінов пен бұрынғы әлем чемпионы Джулиус Индонго Голливудтағы кәсіпқой бокс кешінің андеркартында жұдырықтасты, кездесу он раундқа жоспарланды.

Елеусінов бірінші раундта-ақ қарсыласын нокдаунға жіберді. Екінші раундта Индонго екінші рет нокдаун алып, төреші жекпе-жекті тоқтатты.

Айта кетейік, қазақ боксшысы кәсіпқой бокста бірде-бір рет жеңілмеген.

Ал оның туған ағасы, спортшы Дәурен Елеусінов биыл кәсіпқой бокста алғаш рет жеңілді. Жекпе-жек тамызда Мехикодағы бокс кеші аясында өтті. Дәурен Елеусінов орта салмақтағы WBC International чемпионы титулы үшін жұдырықтасқан болатын.

34 жастағы қазақстандық боксшы он екі раундтық жекпе-жекте 30 жастағы мексикалық Хуан Карлос Райгосадан (16-15-3, 6 КО) төрешілер шешімімен жеңіліп қалды.

Бұған дейін ол кәсіпқой рингте 8 рет жеңіске жеткен (7 нокаут) және бір жекпе-жегін тең нәтижемен аяқтаған.

UFC-дегі алғашқы жеңіс

Қазанда Абу-Дабидегі Яс аралында UFC 254 турнирі өтіп, онда қазақстандық спортшы Шавкат Рахмонов алғашқы жеңісіне қол жеткізді. 

Бразилиялық қарсыласы Алекс Оливейраның тәжірибесі мол болғанымен, UFC дебютті кездесуінде отандасымыз басым түсті.

 

© Sputnik / Владислав ВодневШавкат Рахмонов
2020 жыл: қазақстандық спортшылардың жеңісі мен жеңілісі - Sputnik Қазақстан
Шавкат Рахмонов

 

Әуелі қос спортшы аса сақтықпен қимылдады. Алайда Оливейра белсенді қимылдай алмады, сол сәтте Шавкат қарсыласына шабуыл жасап, қылқындыру әдісі арқылы жеңіске жетті.

Осылайша Рахмонов кәсіби мансабында 13 және бүкіл әлемге әйгілі UFC-дегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Шетелдік БАҚ ақпараты бойынша, осы кездесуде Рахмоновтың гонорары 37 500 долларды (16 125 000 теңге) құрады.

Ауыр атлеттер жеңісі

Тамызда ауыр атлетикадан Қазақстан командасының өкілі Зүлфия Чиншанло Өзбекстан Республикасы тәуелсіздігінің 29 жылдығына орайластырылған ауыр атлетикадан халықаралық кубокта күміс медаль жеңіп алды.  

Чиншанло 55 килограмға дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Қоссайыс қорытындысы бойынша ол 200 (85+115) килограмм көтерді.

205 (95+110) килограмм көтерген Өзбекстан спортшысы Муаттар Нәбиева бірінші орын иеленді.

Чиншанло 2012 жылы Олимпиада чемпионы болған кезде, қоссайыс қорытындысы бойынша 226 (95+131) килограмм көтерген болатын. Кейін допинг қолданғаны үшін алтын медалінен айырылды.

Оқи отырыңыз: Илья Ильин сүйінші жаңалығын бөлісті

Сонымен қатар Перудің Лима қаласында жасөспірімдер арасындағы әлем кубогі өтті. Ол жерде қазақстандық ауыр атлет Абылай Әуелханов әлем кубогінің жеңімпазы атанды.

Онлайн форматта өткен халықаралық бәсекеде Абылай Әуелханов 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қатысты. Спортшы 237 (102+135) келіні бағындырды.

Сондай-ақ, қазақстандық ауыр атлет Айсамал Сансызбаева қыздар арасында 81 келіден астам салмақ дәрежесіндегі жарыста жеңіске жетіп, әлем кубогында алтын алды.

Дезинфекциямен күрескен "Найман"

Қыркүйекте аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов (18-7-1) Мәскеуде өткен Fight Nights Global 98 турниріне қатысты. Хамитов ресейлік файтер Ахмад-Хан Боковқа (5-4) қарсылас болды. Хамитов-Боков жекпе-жегінде қазақстандық спортшы бірінші раундта-ақ тұншықтыру әдісімен жеңіске жетті.

Осылайша Қуат Хамитов кәсіби карьерасындағы 19-шы жеңісіне қол жеткізді, ал Ахмад-Хан Боков бесінші мәрте жеңіліске ұшырады. Осыған дейін Хамитов бір жарым жыл бойы жекпе-жекке шықпады.

Оқи отырыңыз: Ішкі істер министрлігі Хамитовтың атышулы видеосына қатысты түсініктеме берді

Ал оның алдында Хамитов әлеуметтік желіде зорлық-зомбылыққа үгіттегені үшін жауапқа тартылды. Спортшы "халықты улап жатқан" дезинфекция жасаушыларды ұрып, тікұшақтарға оқ атуға шақырған болатын.

Полицияның хабарлауынша, ол әлеуметтік желі арқылы азаматтарды заңсыз әрекетке үндейтін видео жариялаған. Мұндай әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Нокдаунға түсті

22 жастағы павлодарлық Серік Теміржанов Иорданиядағы олимпиадалық квалификациялық турнирде өнер көрсетті. Ол 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан болатын.

Қазақстандық спортшы жартылай финалда тәжірибелі өзбекстандық боксшы Миразизбек Мирзахалиловпен кездесті. Төрешілер жеңісті бірауыздан Мирзахалиловқа берді. Ол қазақстандық боксшыны үшінші раундта нокдаунға жіберді. 

Ал оның алдында спортшы Аммандағы іріктеу турнирінде 57 келі бойынша жартылай финалға шығып, Олимпиадаға лицензия ұтып алған еді.

Теміржанов бұл жеңілісіне қарамастан, Олимпиада лицензиясын сақтап қалды.

Жаңалықтар
0