Өңірлер

Ақтөбеде шахтада қаза тапқандардың әріптестері трагедия қалай болғанын айтты

© Sputnik / Стрингер / Медиабанкке өтуВзрыв произошел на шахте "Схидкарбон" в Луганской области
Взрыв произошел на шахте Схидкарбон в Луганской области - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендердің бірі 59 жастағы Қанат Абдуллаев ауыр жарақат алмағанын хабарлады, оны үйіне жіберген

НҰР-СҰЛТАН, 31 желтоқсан – Sputnik. "Ақтөбе мыс компаниясы" ЖШС жұмысшылары "Весенняя Аралчинская" шахтасында әріптестерінің қалай қаза тапқанын айтып берді.  

Кеншілердің біреуі жарылыстан кейін күкіртсутек шыққанын айтты. Ол жерде бес жұмысшы болған. Солардың төртеуі қайтыс болса, біреуі жарақат алды. Қазіргі кезде компания қызметкерлері арнайы комиссияны күтіп отыр. Мамандар қайғылы оқиғаның мән-жайын зерделеп, себебін анықтайды. 

"Қаза тапқан барлық жұмысшының отбасы мен балалары бар. Кеншілер небәрі 35-40 жаста болған. Комиссия мән-жайды анықтауы тиіс. Үшеуі Хромтаудың тұрғыны, ал біреуі Қарғалы ауданының Ащылысай ауылынан келген", - деді кеншілер "Диапазон" басылымына берген сұхбатында.

Қаза тапқандардың ішінде тау-кен шебері Асхат Қайқанов, жарушылар Рустам Саматов пен Денис Черный, сондай-ақ, жарылғыш заттарды тасыған көлік жүргізуші Берік Жақыпов бар.

"Жарылыстан кейінгі күкіртсутектің иісі бұған дейін де болған. Одан уланған адамдар құсады, басы ауырады. Себебі қажетті қорғаныс заттары жоқ. Қазір беріп жатқан респираторлар шаңнан ғана қорғайды. Біз басшылыққа күкіртсутектің иісі туралы талай рет айтқанбыз. Бірақ біздің сөзімізге ешкім құлақ асқан жоқ", - деп атап өтті кеншілер. 

Ақтөбе облысында қаза тапқан кеншілердің аты-жөні жарияланды

Айта кетейік, 30 желтоқсанда Ақтөбе облысының Хромтау ауданында орналасқан "Весенняя Аралчинская" шахтасында жарылыс болды. Төрт адам қаза тапты, тағы біреуі жарақат алды. Артынан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев 59 жастағы Қанат Абдуллаевтың қатты жарақат алмағанын мәлімдеді. Оны үйіне жіберген. 

Әкімдік те төтенше жағдайдың қалай болғанын айтты. Қазіргі мәліметке сәйкес, шамамен кешкі сағат 20:00-де "Ақтөбе мыс компаниясы" ЖШС жұмысшылары шахтада 1,5 шақырым тереңдікте жарылыс жұмыстарын атқарған. Әрбір жарылыс белгілі бір уақытта жасалады. Олар кезекті жарылыстан кейін байланысқа шықпай қойған. Осыдан кейін апаттық-құтқару тобы жіберіліпті. Мамандар оқиға орнынан төрт жұмысшының денесін тапқан.   

"Алдын ала мәліметке сәйкес, кеншілер иіс тиіп, қайтыс болған. Оқиға орнына шұғыл тергеу тобы мен аудандық прокуратура қызметкерлері барды", - дейді әкімдік қызметкерлері. 

Қазіргі кезде полиция Қылмыстық кодекстің 156-бабы, 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл бапта кінәлі адамдарды белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiн айыра отырып немесе онсыз жеті жылға дейін бас бостандығынан шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Айта кетейік, төтенше жағдай Ақтөбе облысының Хромтау ауданында болған. Шахта "Ақтөбе мыс компаниясы" ЖШС-ға тиесілі.

Жаңалықтар
0