Экономика

Биыл бірқатар шенеуніктің қылмысы әшкере болды – ұстау операциясының видеосы

© AFP 2024 / Sebastian Kahnert / POOLАрест, наручники
Арест, наручники - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Экс-әкімдер, полицейлер, басқарма төрағалары - Sputnik Қазақстан 2020 жылы жемқорлық үшін ұсталған шенеуніктерге шолу жасады

НҰР-СҰЛТАН, 30 желтоқсан – Sputnik. Биыл жемқорлық үшін ұсталған шенеуніктер аз емес. Олардың арасында екі облыстың бұрынғы басшылары да бар. Президент Тоқаевтың өзі осы жағдайды "өте қауіпті синдром" деп атады.

Облыс әкімдері не үшін ұсталды

Жылдың басында ұлттық қауіпсіздік комитеті Павлодар облысының бұрынғы басшысы Болат Бақауовқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Басында оның не үшін ұсталғаны айтылмады. Артынан қылмыстық істің мән-жайы белгілі болды. 

Тергеу материалдарына сәйкес, Павлодар облыстық мемлекеттік кірістер департаменті "AksuTransLogistic" ЖШС-іне тексеріс жүргізген. Сол кезде кәсіпорынның 200 миллионнан астам теңгенің (530 мың доллар) салығын төлемегені анықталды. Ал компанияның жалғыз құрылтайшысы сол кездегі облыс әкімі Болат Бақауовтың жиені болып шықты.

© Photo : Служба центральных коммуникацийПавлодар облысының бұрынғы басшысы Болат Бақауов
Биыл бірқатар шенеуніктің қылмысы әшкере болды – ұстау операциясының видеосы - Sputnik Қазақстан
Павлодар облысының бұрынғы басшысы Болат Бақауов

2019 жылы желтоқсан айында Болат Бақауов тексеріс жайында естіп, өзінің лауазымдық өкілеттігін пайдалану арқылы тексерістің нақты нәтижесін көрсетпеуді, ал төленбеген салықтың көлемін 5 миллион теңгеге дейін азайтуды талап еткен. Осылайша, әкім өкілеттілігін теріс пайдаланып, тергеуге алынды. Бас кезінде оны екі айға қамаған. Артынан денсаулығының нашарлауына байланысты үйқамаққа жіберді. Ал мамыр айында соттың үкімі шықты. Оған сәйкес, Бақауов үш жарым жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Оған өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды.

Ал Қызылорда облысының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақов жеті жылға түрмеге отырды. Онымен бірге екі орынбасары мен кәсіпкерлер де сотталды. Бұрынғы орынбасарлары Мұрат Имандосов пен Марат Делмұзанов алты жылға бас бостандығынан айырылса, кәсіпкерлер Жеңісбек Ысқақов пен Азат Досмайылов бес жылын түрмеде өткізеді.

© Сайт СЦКҚызылорда облысының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақов жеті жылға сотталды
Биыл бірқатар шенеуніктің қылмысы әшкере болды – ұстау операциясының видеосы - Sputnik Қазақстан
Қызылорда облысының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақов жеті жылға сотталды

Тергеу материалдарына сәйкес, Қызылорда облысы әкімдігінің лауазымды тұлғалары "Сыр мейірімі" қоғамдық-әлеуметтік қорына тиесілі 80 миллион теңге (190 мың доллар) көлеміндегі қаражатты жымқырған. Ол ақша Арыс қаласын қалпына келтіруге арналған болатын. 

Параны жиһазбен де алады 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі парақорлады ұстау видеосын үнемі жариялап отырады. Сан алуан жағдайға куә боласың. Мәселен, Маңғыстау облысының Мұнайлы аудандық әкімдігіне қарасты азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы параны өзгеше әдіспен алған.

Ол құжаттарды тездетіп жасап бергені үшін жеке кәсіпкерге асүй жиһазының үстіңгі тақтайы мен оған тіркелетін жуғышты орнатқызған. Құқық қорғаушылар жиһаздың астыңғы жағына "пара" деген белгіні жазып, заңбұзушылықты әшкереледі.

Ал Текелі қаласы әкімінің аппарат жетекшісін ұстау операциясы кезінде тағы бір қызық жағдай болды. 1,5 миллион теңгенің парасын алған шенеунік өзенге секіріп, арғы жағына жүзіп өтпек болған. Судың ағысы қатты болғаны сонша, ер адам батып кете жаздады. Дегенмен, құқық қорғаушылар оны да құрықтады. 

Шығыс Қазақстанда ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары мен облыс әкімі аппараты заң бөлімінің басшысы 35 миллион теңге пара алғаны үшін айыпталған. Олар заңсыз сыйақыны ұнның арасына тығып қойды. 

Астана Банкіне қыруар қаржы салды

Мамырдың соңында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Гүлнәр Сәрсенова пара алды деген күдікпен ұсталды. Орталық басшысы мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлуге және орындалған жұмыстардың актілеріне қол қоюға көмектескені үшін аса ірі көлемде заңсыз сыйақы алғаны үшін айыпталды.

Қараша айында басқарма басшысы қызметіне Есетжан Қосубаев тағайындалды. Ал Сәрсеноваға қатысты сот үкімі әлі шыққан жоқ.

Ал маусымның басында "Қазақстан Ғарыш Сапары" АҚ-ның экс-президенті мен Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының бұрынғы орынбасары бюджет қаражатын жымқырғаны үшін тергеуге алынды. Екеуіне "лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып, ірі көлемде ақша ұрлады" деген айып тағылған болатын.

Бұдан бөлек, "Қазақстан Ғарыш Сапарының" тағы бір бұрынғы басшысы және вице-министр болған шенеунік 1,6 миллиард теңге көлеміндегі бос қаржыны "Астана Банк" АҚ-сына негізсіз салғаны үшін айыпталды. Банк дефолтынан кейін ол қаражат қайтарылған жоқ. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі осы іске қатысы бар "Қазақстан Ғарыш Сапары" компаниясы мен Ұлттық ғарыш агенттігінің жауапты қызметкерлерінің үйлеріне тінту жасап шықты. Тиісті құжаттар, сондай-ақ, ұлттық және шетелдік валюта табылды.

Осы кезде білім және ғылым министрлігіне қарасты "Ғылым ордасы" РМК бас директоры мен осы мекеменің бас экономисі ұсталған болатын. Олар мемлекетке тиесілі үй-жайды жалға бергені және тұрақты түрде заңсыз сыйақы алғаны үшін айыпталды. Екеуі де өз кінәсін мойындады. 

Денсаулық саласындағы даулар 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен "СК-Фармация" ЖШС жұмысын сынға алып, басшыларын жұмыстан босатуды тапсырды. Тергеу шараларын да жүргізуге нұсқау берді. Ертесінде әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов пен "СК-Фармация" ЖШС басшысы Берік Шәріп қызметінен алынды. Біршама уақыттан кейін соңғысы ұсталып,  уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет оның төтенше жағдай жарияланған кезеңде медициналық бұйымдарды сатып алу кезінде өкілеттігін теріс пайдаланғанын жариялады.

Оқи отырыңыз: "СК-Фармация" басшысы 1 миллион теңге жалақы алатын дәрігерлер туралы айтты

21 шілде күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Алик Шпекбаев екі қылмыстық істің қозғалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, екі жоғары лауазымды тұлға тергеуге алынған. Біреуі білім және ғылым министрлігінде істесе, екіншісі – цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігінің қызметкері. Шпекбаев "жоғары лауазымды тұлғалардың" аты-жөнін атаған жоқ. Олардың кім екені әлі күнге дейін белгісіз. Бірақ агенттік басшысы екі қылмыстық істің цифрландыруға қатысты екенін ашық айтты.

Ал тамыздың басында денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің ұсталғаны белгілі болды. Ол ақпараттық жүйелерді жасауға бөлінген 500 миллион теңгеден астам қаржыны ысырап еткені үшін айыпталды. Атап айтқанда, бұрынғы вице-министр ақпараттық жүйелерді құру шаралары аяқталмаса да, атқарылған жұмыстар туралы актіге қол қоя салған. Сол кезде ақша толығымен төленді. Бірақ пайдалануға берілген ақпараттық жүйе істеп тұрған жоқ. Осылайша, бюджетке ірі көлемде шығын келді. 

Артынан "бюджет қаражатын аса ірі көлемде ысырап етті" деген айыппен экс-министр Елжан Біртанов та тергеуге алынды. Оны үйқамаққа отырғызған. Тергеу шаралары жалғасып жатыр. 

Сәпиевтің орынбасары не үшін ұсталды

Жаздың соңында спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасының бұрынғы және қазіргі орынбасарлары 380 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен ұсталды. Олар Риддер қаласындағы олимпиадалық резерв бойынша республикалық мамандырылған мектеп-интернат-колледжінің 300 орындық оқу корпусының құрылысы кезінде 380,8 миллион теңгені талан-таражға салғаны үшін айыпталды. Күдіктілер нақты жұмыстар атқарылмаса да, ақшаны мердігердің есепшотына аударған. Комитет басшысы Серік Сәпиев бала күтіміне байланысты демалысқа шығып кетті. Біршама уақыттан кейін осы іске қатысы бар деген күдікпен тағы екі адам ұсталған болатын. 

Ресми мәліметке сәйкес, бұрын осы нысанның құрылысымен айналысқан қаржы министрлігі қазынашылық комитетінің лауазымды тұлғасы және оның танысы кәсіпорын басшыларының біреуін қылмыстық істі тоқтату үшін 40 миллион теңге көлемінде пара беруге итермелеген. 

Құқық қорғаушылар лауазымды тұлғаны ұстау операциясының видеосын да жариялады. Одан ер адамның қара сөмкені тастай салғанын көруге болады. Тәртіп сақшылар сөмкені ашса, іші ақшаға лық толы екен. 

Полицейлер қылмысы

Алматыда қалалық полиция департаменті процессинг орталығының басшысы өзіне қарасты қызметкерімен бірге үш жыл бойы жол ережесін бұзған адамдардың айыппұлын қалтаға басып отырған. Олар алдымен сот орындаушысымен сөз байласты.

Осылайша, мемлекет бюджетіне 25 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық үшін төленуі тиіс 270 миллион теңгеден астам қаржы түспей қалды. Лауазымды қызметкерлер 800 мың теңге көлемінде ақшалай қаражат алып жатқан кезде ұсталды. 

Бұдан бөлек, қатаң карантин кезінде блок бекеттерде тұрған полицейлердің пара алу фактілері аз болған жоқ. Тіпті, параны темекімен алған сақшылар да табылды.

Облыс басшысы отставкаға кетуге дайын

10 қыркүйекте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаевтың қамауға алынғанын хабарлады.  Тергеу материалдарына сәйкес, онымен бірге облыстық құрылыс басқармасының бастығы Тимур Басаров та ұсталған. Шенеуніктер 182 миллион теңге пара алғаны үшін айыпталып отыр. Соттың соңғы шешімі әлі шыққан жоқ. Дегенмен, облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов бірінші орынбасарының кінәсі дәлелденсе, қызметінен кетуге дайын екенін мәлімдеді.

Ал Ақтөбе облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Руслан Мамунов жемқорлық үшін сотталған Қостанайдың экс-әкімі Ахметбек Ахметжановтың жазасын жеңілдетуге және тәркіленген мүлікті қайтаруға ықпал жасаймын деп оның туыстарынан 1 миллион 200 мың доллар алып кеткен. Бірақ ешқандай көмек жасамаған. Ал заңсыз сыйақыға пәтер мен автокөлік сатып алды. Нұр-Сұлтан қаласының соты Мамуновты 12 жылға бас бостандығынан айыруға шешім шығарды. 

Балалардың ақшасын ұрлауға арланбайды

Жамбыл облысында коронавируспен күреске бөлінген бюджет қаражатын жымқырған шенеуніктер ұсталды. Атап айтқанда, денсаулық сақтау басқармасының лауазымды тұлғалары медициналық бұйымдарды жоғары бағамен сатып, пандемиямен күреске бөлінген 8 730 560 теңгенің бюджет қаражатын қолды қылған.

Ал Батыс Қазақстан облысында Қаратөбе аудандық білім бөлімінің лауазымды тұлғалары төтенше жағдай кезінде оқушыларға ноутбук сатып алуға бөлінген қаражатты ұрлаған. 

Құқық қорғаушылар шенеуніктердің үйіне тінту қалай жасалатынын да көрсетті. Мәселен, қазан айында Ақмола облысында аудан әкімінің орынбасары мен бөлім басшысы тергеуге алынған. Біреудің үйінде заңсыз ақша шкафтың арғы жағынан шықса, екіншісі баласының портфеліне және әйелі киетін күртенің қалтасына тыққан. 

Алматыда ұсталған мәйітхана директорының күртесінен екі пакет ақша шыққан. Ол қалалық паталогоанатомиялық бюроға медициналық жабдықтарды жеткізу бойынша қабылдау актілеріне қол қойғаны үшін кәсіпкерден 14 млн теңге көлемінде пара алды. 

Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөз қаласының әкімі болса, өз кабинетінде парамен ұсталды. Үстелде жатқан құжаттардың арасынан бір бума ақша шыққан. 

Туған-туысқа бірге жұмыс істеуге болмайды 

Жалпы, жемқорлыққа белшесінен батқан салаларға құрылыс, ауыл шарушылығы, білім беру және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық кіреді. Биыл әскери салада анықталған фактілер де аз емес. Бір генерал-майор да тергеуге алынды. Ол -  кадр және әскери білім беру департаментінің бастығы Қайрат Көпбаев. Оған "қол астындағы қызметкерлерден жалпы қамқорлығы және қызмет бабымен көтергені үшін айтарлықтай мөлшерде жүйелі түрде пара алды" деген айып тағылды. 

Биыл еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың туған ағасы Тимуржан Нұрымбетов те тергеуге алынды. Ол Жамбыл облыстық әлуеметтік бағдарламалар мен жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасына жетекшілік етті. Шенеунік 9 миллион теңге көлемінде пара алғаны үшін айыпталды.

Оқи отырыңыз: Депутаттарға шетелде есепшот ашуға тыйым салынды – заң қабылданды

Ал Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық кеңесінің төрағасы Сансызбай Есіловтың ұлы Асқар Есілов Байқоңыр ауданының әкімі бола тұра, абаттандыру бойынша субмердігерлік жұмыстарды алуға жәрдемдескені үшін iPhone-ның соңғы үлгісін пара ретінде алған. Бұдан бөлек, экс-әкім орындалған жұмыстар туралы жалған актілерге қол қойғаны үшін айыпталды.  

Айтпақшы, қазан айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қатысты тағы бір маңызды заңға қол қойды. Оған сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге сыйлық алуға толығымен тыйым салынды. Бұдан бөлек, жақын туысы, жұбайы немесе құда-жекжаты атқаратын қызметке тікелей тәуелді лауазымға тұруға болмайды. Мекемеде жақын туыстар жұмыс істесе, ол жайында басшылыққа жазбаша түрде хабарлау қажет. 

Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев осы санаттағы қылмыстарды өз Отанына сатқындық жасау әрекетімен теңестіруді ұсынды.

Жаңалықтар
0