НҰР-СҰЛТАН, 30 желтоқсан – Sputnik. Қапшағайда "Мейірімді адамдар" қайырымдылық шарасы қарқын алды, оған меценаттар мен ірі кәсіпкерлер қатысып жатыр.
Қапшағай қаласында 1655 көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыға 11 миллион теңгеге қайырымдылық көмек жасалды. Демеушілердің қаржысына 700 көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыға жалпы сомасы 5 миллион 325 мың теңгеге азық-түлік берілген.
"Тағы 55 отбасыға 1 миллион 540 мың теңгеге көмір сатып алынды. Сол сияқты жаңа жыл қарсаңында мүмкіндігі шектеулі 700 балаға 2 миллион 100 мың теңгенің сыйлығы тапсырылды", - деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бұдан бөлек "Мейірімді адамдар" қайырымдылық шарасы шеңберінде 200 отбасыға 2 миллион теңгеге азық-түлік пакеті таратылды.
Оқи отырыңыз: Батыр ананың перзенттері 500 отбасының үйіне азық-түлік жеткізіп берді
Жалпы Қапшағай қаласы мен өңірінде бүгінгі күнге дейін 1655 отбасыға жалпы сомасы 10 миллион 965 мың теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілген.