АЛМАТЫ, 30 желтоқсан – Sputnik. Павлодарда аязда кішкентай ұлын аялдамада қалдырып кеткен әйелге қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Айыпталушының кінәсін мойындап, жәбірленуші тараппен татуласты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әйел өз кінәсін толық мойындады. Іс бойынша жәбірленуші тарап – баланың әжесі болса, сотталушы – баланың анасы.
Баланы аялдамада қалдырып кетті
26 қарашада кешкі сағат сегіз шамасында 33 жастағы әйел бір жарым жасар ұлымен бірге Семей қаласынан Павлодар теміржол вокзалына таксимен келген. Сол жерде баланы -11 градус аязда трамвай аялдамасында қалдырып кеткен. Баланың жалғыз қалғанын байқаған тұрғындар бірден полиция шақырған.
Полиция мен еріктілер анасын іздеп, бір сағаттан кейін тапты. Оған қатысты қылмыстық кодекстің 119-бабы 1-бөлігі (қауіпті жағдайда қалдыру) бойынша іс қозғалды.
Осы уақытқа дейін бала тоғыз жастағы ағасымен бірге Екібастұздағы әжесінің үйінде тұрды.
Баласынан құтылғысы келген
Сотталушы тұрмыс құрмаған, сонымен қатар көптен бері баласынан құтылғысы келіп жүрген.
Судья Думан Серікбаевтың айтуынша, 25 желтоқсанда әйел әкімшілік кодекс 127-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ол бапта кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау қарастырылған.
Он айлық есептік көрсеткіш (27 780 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.
Осыған байланысты отбасы қорғаншылық және қамқоршылық органына есепке қойылды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.