НҰР-СҰЛТАН, 29 желтоқсан – Sputnik. Президент парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысына жоғарғы палатаның биылғы заң шығару қызметінің негізгі қорытындылары туралы ақпарат берілді.
Сонымен қатар, Әшімбаев өз сөзінде президенттің Қазақстан халқына арнаған жолдауында айтылған мәселелерді іске асыруды қамтасыз етуге бағытталған заңдардың қабылданғанына тоқталды.
"Атап айтқанда, жаңа "Экологиялық кодекс", "Техникалық реттеу туралы" заң, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекет басшысының "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты Қазақстан халқына жолдауының жекелеген ережелерін іске асыру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңдар қабылданды", – деді сенат төрағасы.
Мәулен Әшімбаев аталған құжаттардың барлығы еліміздің әлеумет-экономикалық дамуын, халқымыздың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Оқи отырыңыздар: Президенттің әлеуметтік желідегі әлеуеті: Тоқаев 2020 жылы қанша твит жариялады
Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта елімізде саяси жаңғырту және экономикалық даму бағдарламаларының жалғасатынын, басқа салалар бойынша да ауқымды жұмыстардың атқарылатынын айтып, сенатқа аталған бағыттарды заңмен қамтамасыз етуді тапсырды.