Қоғам

Парламент өлім жазасынан бас тарту туралы заңды қабылдады

© Sputnik / Болат ШайхиновПарламент ғимараты
Парламент ғимараты - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Сыртқы істер министрінің айтуынша, тек соғыс уақытында өлім жазасын қолдану туралы заңды түрде ресімделген ескертпе болған жағдайда рұқсат етіледі

НҰР-СҰЛТАН, 29 желтоқсан – Sputnik. Сенат депутаттары өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялап, тиісті заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Айта кетейік, биыл қыркүйектің соңында Қазақстан екінші Факультативтік хаттамаға қол қойған болатын. Ал халықаралық шарттар туралы заңнамаға сәйкес, ондай құжаттар міндетті түрде парламентте ратификацияланады. Мәжіліс заң жобасын мақұлдады. Сенат депутаттары да хаттаманы ратификациялауға келісім берді.

"Осы халықаралық құжатқа сәйкес, қол қоюшы елдер, біріншіден, өлім жазасын қолданбауды және өз юрисдикциясы шеңберінде өлім жазасының күшін жою үшін барлық қажетті шараларды орындау міндеттемесін қабылдайды. Жалғыз ерекшелік соғыс уақытында өлім жазасын қолдану туралы заңды түрде ресімделген ескертпе болған жағдайда рұқсат етіледі", – деді сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.

Оның айтуынша, Қазақстан конвенциямен қарастырылған өлім жазасын қолдануды көздейтін жалғыз ескертпе жасау мүмкіндігін пайдалануға ниетті. Оған сәйкес, "Қазақстан Республикасы екінші Факультативтік хаттаманың 2-бабына сәйкес соғыс уақытында жасалған әскери аса ауыр сипаттағы қылмыстар үшін кінәлі деп танылғаннан кейін соғыс уақытында өлім жазасын қолдану құқығын өзіне қалдырады".

Өлім жазасын басқа жазамен алмастыруға бола ма?

Бұл мәселеге қатысты министр Конституциялық кеңестің қорытындысын да еске алды. Онда өлім жазасы көзделген жағдайда оны басқа жазамен алмастыруға болатыны туралы айтылған.

"Яғни, заң шығарушы қандай да бір қылмыс үшін өлім жазасын белгілеу кезінде Конституция нормасында белгіленген шектен шығуға құқылы емес. Конституциялық бақылау органы атап өткендей, Конституцияның 15-бабының 2-тармағында аталған қылмыстар үшін өлім жазасынан басқа да жазалар белгіленуі мүмкін", – деді Тілеуберді сенаттың жалпы отырысында.

Министрдің сөзіне қарағанда, Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы айрықша жазалау шарасын қолдану саласын одан әрі шектеуге немесе одан толық бас тартуға кедергі келтірмейді. Ол үшін Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасына тиісті түзетулер енгізу жеткілікті.

Оқи отырыңыз: Қазақстандағы мораторийден кейінгі өлім жазасы: ауыр жазаға кім кесілді

Сенат депутаттары "Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы" заңды бірауыздан қабылдады.

Жаңалықтар
0