Қоғам

"Оқушылар жарытып білім алмады": депутат дәстүрлі форматқа көшуді талап етті

© Sputnik / Владислав ВодневМектеп маңында жүрген бала
Мектеп маңында жүрген бала - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Сенат депутатының пікірінше, мектеп оқушылары екі тоқсан бойы жарытып білім алмағандықтан, білім сапасы бірнеше жылға кейін шегерілді

НҰР-СҰЛТАН, 29 желтоқсан – Sputnik. Сенатор Мұрат Бақтиярұлы барлық ауыл мен аудандағы мектеп оқушыларын дәстүрлі форматқа көшіру қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенаттың жалпы отырысында депутат әлемдік пандемияның білім саласына да, сапасына да кері әсерін тигізіп жатқанын жеткізді. Алайда Ресей, Қытай, Германия, Ұлыбритания және тағы басқа мемлекеттерде көп жағдайда дәстүрлі білім беру форматын сақтап келеді.

"Мысалы, Байқоңыр қаласында Ресей құзыретіне қарайтын жеті мектептің барлық сынып оқушылары толыққанды дәстүрлі түрде оқып жатса, қазақстандық мектептердің оқушылары қашықтықтан оқып жатыр. Мұны қалай түсінуге болады?", – дейді Бақтиярұлы.

Оның ойынша, мектеп оқушылары екі тоқсан бойы жарытып білім алмады. Әсіресе, ауылдық мектептердегі оқушылардың білімін толық қалпына келтіру қиынға соғады. Бұның бәрі білім сапасын бірнеше жылға кейінге шегеріп тастайды.

"Сондықтан да еліміздегі барлық ауылдар мен аудандардағы мектептерде оқушыларды дәстүрлі оқытуға шығаруымыз керек", – деп атап көрсетті Бақтиярұлы.

Айта кетейік, ведомствоаралық комиссияның соңғы шешіміне сәйкес, III тоқсанынан бастап бітіруші сыныптар үшін (9,11,12 сыныптар) санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, аралас оқыту форматына көшеді. Бұл дегеніміз, пәндердің 70 проценті дәстүрлі форматта өтсе, 30 проценті қашықтан оқытылады. Бұдан бөлек, сабақтан тыс уақытта бес адамнан аспайтын топтарда жеке консультация ұйымдастыруға рұқсат беріледі.

Оқи отырыңыз: Елордалық оқушылар қаңтардан бастап қалай оқиды

Колледждер мен жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттері де жаңа жылдан бастап аралас оқыту форматына көшеді.

Жаңалықтар
0