Қоғам

Әлемді әбігерге салған індет: қазақстандықтар неге вирустың барына сенбеді?

© Sputnik / Елена БережнаяВрач измеряет температуру водителю автомобиля на блокпосте
Врач измеряет температуру водителю автомобиля на блокпосте  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Sputnik Қазақстан тілшісі биылғы жылдың басты қауіп-қатері – коронавирустың елімізге қалай келгенін және қандай күндерді бастан кешкенімізді еске алып, бұл індеттен нендей сабақ алғанымызды зерделеп шықты

НҰР-СҰЛТАН, 28 желтоқсан – Sputnik. Биыл әлемді дүрліктірген коронавирус пандемиясы Қазақстанды да айналып өтпеді. Қытайдан қауіптеніп жүргенде қауіпті вирус Еуропадан "ұшып" келді. Содан бері төтенше жағдайдан өттік. Коронавирустың шарықтау шегін көріп, қазақтың маңдайына біткен талай арда азаматтарымыздан айырылдық. Енді, қауіпті індеттің екінші толқыны болады деген болжам бар. Сол себепті шектеу шаралары әлі күнге жалғасып жатыр. 

"Ақыры келдің-ау!"

Өткен жылдың соңында Қытайдың Ухань қаласында жаңа вирустың тарағаны туралы хабар шықты. Алайда көбісі оған мән бермеді. Қытайлық шенеуніктер де белгісіз вирустың адамнан адамға тарамайтынын мәлімдеген. Ал науқастар мен қайтыс болғандардың саны көбейгеннен кейін шектеу шаралары қолға алынды. Уханьда қатаң карантин енгізілді.

Шыны керек, Қазақстан Қытаймен және басқа да мемлекеттермен арадағы қарым-қатынасты шектесе де, халық жаңа вирустың қазаққа жұқпайтына сенімді болды. Коронавирус айналамыздағы көршілерден табылса да, COVID-19 басқа вирустар сияқты тез ауыздықталады деп ойладық. Ал 11 наурызда сол кездегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин бір аптаның ішінде коронавирустың "наконец-то" анықталатынына болжам жасады. Оған да бәріміз күлдік.

Матемикалық модельдеу негізінде әзірленген жорамал дәл болып шықты. Ертесінде үкімет арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, коронавирус пандемиясына байланысты бірқатар шектеулердің енгізілетінін мәлімеді. Атап айтқанда, бұқаралық шараларға тыйым салынды. Оқушылар мен студенттер демалысқа ерте жіберілді. Республика бойынша санитарлық-дезинфекциялық жұмыстар күшейтілді. Ал 13 наурызда денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Елжан Біртанов Германиядан келген екі адамнан коронавирустың расталғанын мәлімдеді.

Екі күннен кейін президент 16 наурыздан бастап төтенше жағдайды енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Сол кезде Нұр-Сұлтан мен Алматыда науқастар көбейе бастады. Осыған байланысты екі қаланы карантинге жабуға шешім қабылданды. Көлік пен әуе қатынасы тоқтатылды. Кіреберістерде блок бекеттер қойылып, кіруге және шығуға шектеу енгізілді. Әрбір қаланың ішінде қатаң тәртіп орнатылды. Далада себепсіз жүруге тыйым салынды. 

Коронавирустың барына сенесіз бе?

Қазақстанның екі қаласында коронавирус жұқтырған адамдар анықталса да, халық арасында сенімсіздік басым болды. Сол кезде мұнайдың құлдырауынан доллардың бағамы шарықтап кетті. Саяси сипаттағы алыпқашпа әңгімелер де тарады. Дегенмен, шектеу шаралары күшейе берді. 

Сол кезде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде сан алуан фейк ақпараттар да тарады. Соның ішінде вакцинамен чип салу, ұшақтармен у шашу, тіпті, дезинфекторлардың жұмысына қатысты күдік туындай бастады. Қазақстандық файтер Қуат Найманның ол ақпараттарға сенгені сонша, дизенфекторларды ұрып, ұшақтарды атып түсіруге үндеді. 5G-ге қатысты жалған мәліметтер де аз болған жоқ.

Алайда маусым-шілдедегі көп адамның өлімінен кейін халықтың көзқарасы өзгере бастады. Әсіресе, үлкен кісілер өз денсаулығына қатты алаңдады. Бетперде кимей жүрген жастарға ренішпен қарады. Қазірдің өзінде егде жастағы адамдар отбасылық жиындарға бармай, сақтық шараларын барынша ұстап жүр. Содан адамның қазасына байланысты батаны онлайн жіберу дәстүрі де шықты. Ал көңіл айту телефон арқылы жасалады.

Дегенмен, жастар арасында әлі күнге дейін сенімсіздік бар. Көбісі иммунитетке сенеді және қауіпті вирус созылмалы ауруы бар адамдарға ғана жұғады деген түсінік те жоқ емес.

Бас кезінде республикалық телеарналардан көрсетілген статистикаға 2-3 адам қосылса, артынан халық күн сайын жүздеген науқастың анықталып жатқанына да үйренді. Коронавирусты жұқтырғандардың көбеюіне байланысты арнайы ауруханалар салына бастады.

42 500 теңгенің жыры

Төтенше жағдай кезінде көптеген нысандар жабылды. Халықтың біраз бөлігі жұмыссыз қалды. Сол кезде президенттің тапсырмасымен жұмыссыз қалған адамдарға 42 500 теңгеден таратылды. Бірақ өтінім қабылдау басталғанда электронды жүйе істемей қалды. Техникалық ақаулықтар шықты. Сонда цифрландыру шараларының кемшілігі анық байқалды. Халық 42 500 көпбалалы отбасыға тым аз болатынын да ашық айтты.

Ресми мәліметке сәйкес, қатаң шектеу шаралары кезінде 4,5 миллионнан астам адам ақшалай көмек алды. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыссыз қалғандарға 476 миллиард теңге берілді. Бұдан бөлек, вирус жұқтырған мамандарға және одан қайтыс болған дәрігерлердің отбасыларына барлығы 20,5 миллиард теңге төленді.

Бұдан бөлек, президенттің тапсырмасы бойынша салықтар мен кредит төлемдері кейінге шегерілді. Коммуналдық шығындарды жабуға ақша берілді. 

Ораза мен Құрбан айтты карантинде өткіздік

Сәуірде төтенше жағдай режимі ұзартылды. Ал карантин шараларын жеңілдете бастады. Сол кезде Рамазан айына дейін мешіттер ашылады деген үміт болды. Алайда ғибадат орындары сол күйі жабық тұрды. Соған қарамастан, мүфтият діни рәсімдерді онлайн режимде атқаруға кірісті. Тіпті, ауызашарға онлайн түрде тапсырыс беру қызметі қосылды.

Артынан мешіттер мен дәмханалар ашылды. Бірақ, көп ұзамай, қайтадан жауып тастады. Құрбан айтта шектеу шаралары жалғасты. Осыған байланысты мүфтият арнайы сайт ашып, сол арқылы құрбандық малға тапсырыс алды. Сөйтіп, тізім бойынша арнайы мал сою орындарында құрбандық шалынды. Оған барлығы бірдей кіре алмады. Мешіт өкілдері мен еріктілер тапсырыс берген адамның атынан құрбандық шалып, барлық етті мұқтаж адамдарға таратты.

Бүгінде мешіттерге кіруге рұқсат бар. Алайда жұма намазына жиналуға болмайды.   

Шаштаразға лап бердік

Қатаң карантинді бірнеше рет созғаннан кейін 4 мамырда шектеу шаралары жеңілдетілді. Сол кезде адамдар алдымен шаштаразға лап берді.

Нұр-Сұлтан мен Алматының арасында әуе рейстері ашылды. Алайда ұшақтардың саны шектеулі болды және барлық санитарлық-эпидемиологиялық шаралар қатаң сақталды.

11 мамырда төтенше жағдаймен бірге блок бекеттерді де алып тастады. Нұр-Сұлтан мен Алматыда автобустар жүре бастады. Саябақтар мен гүлзарлар ашылды. Таза ауада еркін серуендеуге рұқсат берілді.

Коронавирустың шарықтау шегі

Төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін аулаға балалармен шығуға және спортпен айналысуға рұқсат берілді. Қазақстандықтар қатаң карантиннің арқасында отбасы құндылықтарын жете түсіне бастады.

Өкінішке қарай, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткіші көбейді. Халық осы сынақтан да өтті. Алайда маусымның соңына қарай науқастардың саны күрт өсті. Содан карантинді күшейтуге тура келді. Мамандардың айтуынша, қатаң карантин коронавирустың шарықтау шегін бір-екі айға шегеріп тастады. Ал төтенше жағдайдан кейін халық сақтық шараларын сақтамағаннан кейін вирус тез тарала бастады.

"Коронавирус күннің көзіне шыдас бермейді" деп айтса да, оңтүстік өңірлерде пневмониямен ауруханаға түскен науқастар көбейді. Инфекциялық стационарларда бос орын болмады. Оған дәрі-дәрмекті жеткізу проблемасы да қосылды. Жасанды тыныс алдыру аппараттары жетіспеді. Халық өз ақшасына шетелден оттегі аппараттарына тапсырыс берді. Сол кезде қазақ халқы елге еңбегі сіңген біраз азаматтан айырылды. Олардың ішінде жазушылар, ғалымдар, сазгерлер, әртістер, спортшылар, судьялар мен дәрігерлер бар. 13 шілде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Ал үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күрес кезінде туындаған қиындықтар үшін жауапты адамдарды жазаға тартуды тапсырды. Медициналық сақтандыру қоры мен "СК-Фармация" басшысы жұмыстан кетті. Артынан соңғысы тергеуге алынды. Ал қыркүйек айында экс-министр Елжан Біртановқа қатысты қылмыстық істің қозғалғаны туралы ақпарат шықты. Оны аса ірі көлемде бюджет қаражатын ысырап еткені үшін айыптап отыр.

Осы уақытқа дейін цифрландыру шараларына жауапты болған Асқар Жұмағалиев те қызметінен босатылды. Оның орнына Бағдат Мусин келді.

Онлайн-сабақтар жалғасып жатыр

Наурыз айында енгізілген төтенше жағдайда байланысты мектеп оқушылары мен студенттер қашықтан білім алды. Сөйтіп, 2019-2020 оқу жылын да аяқтады. Карантинге байланысты соңғы қоңырау шарасы онлайн форматта өткен болатын.

Ал ата-аналар қатты қиналды. Әсіресе, бастауыш сынып оқушыларын қашықтан оқыту оңай болған жоқ. Әлеуметтік желілерде сан алуан күлкілі видеолар мен аудиолар тарады. Халық мұғалімнің қадірін түсінді.

Биыл жаңа оқу жылы да онлайн форматта басталды. Бірақ бастауыш сынып оқушыларына кезекшілік топтарда білім алуға рұқсат берілді. Ал жоғары сыныптардың барлығы қашықтан оқып жүр.

Жақында денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың екінші толқынына қатысты болжамның өзгергенін мәлімдеген. Оған сәйкес, пессимистік сценарий жалғаса берсе, қаңтардың аяғы мен ақпанның басында вирусты жұқтырудың шарықтау шегі болады. 

Жалпы, ғалымдар коронавирустың енді ешқайда кетпейтінін айтып отыр. Бәрімізге "онымен бірге өмір сүруге" үйрену керек. Бәлкім, ол да қатардағы тұмаудың бір санатына қосылады. Бүгінде әлем бойынша оған қарсы бірнеше вакцинаны да ойлап тапты. Қазақстанда отандық вакцинаны жаппай егу шаралары 2021 жылдың наурыз айында басталады деп жоспарланып отыр.

Жаңалықтар
0