НҰР-СҰЛТАН, 28 желтоқсан – Sputnik. Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов "сары" аймаққа кірген облыстарда 30-50 адамға дейін мейрамханаларда жиналуға рұқсат етілгенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте журналистер жаңа жылдық корпоративтер туралы сұрады.
"Мысалы, біз бірнеше мейрамханаға хабарласып, корпоративке тапсырыс беру мәселесін білген едік. Сөйтсек, көбісінде орын жоқ. 31 желтоқсанға дейін бос емеспіз дейді. Оларға қатысты қандай шара қолданылады? Айыппұл еш әсер етпейтін сияқты", - деді тілшілер.
Бірінші вице-министрдің айтуынша, мейрамханалар сияқты тамақтану орындарының жұмысы арнайы эпидемиологиялық матрица бойынша реттеледі. Онда әрбір өңір мен қаланың нақты бір аймаққа, яғни "жасыл", "сары" және "қызылға" кіргені ескеріледі. Соған қарай карантиндік шектеулер енгізілген.
Қазақстанның бас санитар дәрігері карантин туралы жаңа қаулыға қол қойды
"Біріншіден, "сары" аймаққа кірген облыстарда 30-50 адамға дейін мейрамханаларда жиналуға рұқсат етілген. Бірақ "қызыл" аймаққа кірген облыстарда немесе қалаларда халықтың саны 30 адамға дейін шектелген. Біз 30 адамға дейін жазда да рұқсат берген болатынбыз. Бірақ үлкен ұжымдық шараларға, мерекелік концерттік шаралар дейміз, сондайларға қатаң тыйым саламыз", - деді Шоранов.
Осы орайда Марат Шоранов эпидемиологиялық матрицадағы облыстар мен қалаларды орналасу жағдайына тоқталды.
"Жоғары қаупі бар "қызыл" аймақта Атырау, Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстары тұр. Орташа қаупі бар "сары" аймаққа үш өңір кірді. Олар – Солтүстік Қазақстан облысы, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары", - деп түйіндеді Шоранов.