НҰР-СҰЛТАН, 25 желтоқсан – Sputnik. Жаңажылдық мереке күндері елордада сауда ойын-сауық орталықтары жұмыс істейді. Бұл туралы қаланың бас санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиева мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Пірәлиева жаңа қаулыға сәйкес, сауда ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлері жұмыс күндері 10.00-ден 23.00-ге дейін, ал сенбі және мереке күндері 10.00-ден 20.00-ге дейін істейтінін айтты.
Олардың қызметі жексенбі күні ғана тоқтайды, бірақ ғимараттың ішіндегі дәріхана, минимаркет, гипермаркет, супермаркеттер ашық болады.
"Яғни, алдағы мереке күндері сауда ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлері жұмыс істейді", - деді ол әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында.
Айта кетсек, қалада автобустар жұмыс, демалыс және мереке күндері сағат 06.00-ден 23.00-ге дейін жүреді.
Еске салсақ, қазақстандықтар қаңтардың басында төрт күн демалады. Жаңа жылға байланысты 1-2 қаңтарда жұмыс болмайды. Ал 2 қаңтар сенбіге түсіп тұрғандықтан, демалыс күні дүйсенбі, 4 қаңтарға ауысады.