Елорда тынысы

Елордалық оқушылар қаңтардан бастап қалай оқиды

Жазылу
Сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда жеке консультациялар ұйымдастырылады, деп хабарлады білім басқармасы

НҰР-СҰЛТАН, 25 желтоқсан – Sputnik. Нұр-Сұлтанда бастауыш сынып оқушылары үшінші тоқсанда кезекші сыныптарда оқуын жалғастырады. Ал 9, 11 және 12 сынып оқушылары аралас форматқа көшеді. Бұл туралы қаланың білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оқу жылының үшінші тоқсаны 11 қаңтарда басталады.

"1-5 сынып оқушылары кезекші сыныптар режимінде оқуын жалғастырады. Сонымен қатар, үшінші тоқсанда мектеп бітіруші – 9 және 11, 12 сынып оқушылары аралас форматта, 15 адамнан аспайтын кезекші сыныптарда оқуды бастайды деп жоспарлануда. Нақты шешім қаламыздағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады", - деді Қадырова онлайн баспасөз мәслихатында.

Айтуынша, оффлайн өтетін сабақ кестесіне орыс тілі мен әдебиеті, қазақ тілі мен әдебиеті, шет тілі, алгебра, геометрия, физика, химия, биология, география, Қазақстан тарихы, Дүниежүзі тарихы пәндері кіреді. Бұл пәндердің 70 пайызын құрайды. Қалған 30 пайызы, яғни информатика, өзін өзі тану, дене шынықтыру, құқық негізі, алғашқы әскери технологиялық дайындық пәндері қашықтан оқытылады.

Қадырованың мәліметінше, елордада 9-сыныпта 13 215 оқушы, 11-сыныпта 7567 бала білім алады.

"Мектептерде икемді сабақ кестелері жасалып, сабақтар арасындағы үзіліс әр сынып үшін әртүрлі уақытта ұйымдастырылады. Сабақ ұзақтығы 30 минуттан аспайды. Үзіліс – 5 минуттан", - деді ол.

Сабақ кестесін құру кезінде жоғары сынып оқушыларының жас ерекшелігі, қабілеттері мен қажеттіліктері, сондай-ақ, 11-сынып оқушыларының жаңартылған білім беру мазмұнына көшуі және кіріктірілген сабақтарды өткізу мүмкіндігі ескеріледі.

Оқи отырыңыз: "Құқығымыз тапталып жатыр": министрлік наразылық білдірген оқушыға жауап берді

Сондай-ақ, ол сабақтан тыс уақытта оқушылардың оқудағы олқылықтарының орнын толтыруы және қорытынды аттестацияға дайындық үшін 5 адамнан аспайтын топтарда жеке консультациялар ұйымдастырылатынын атап өтті. Бұған оқушылар қажеттілігіне қарай ата-аналардың келісімімен қатыса алады. Шешім ата-аналар мен педагогтердің пікірін ескере отырып қабылданады.

Жаңалықтар
0