НҰР-СҰЛТАН, 25 желтоқсан – Sputnik. Пандемия басталғалы елордада коронавирустан 356 адам қайтыс болды. Бұл туралы қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жанна Пірәлиева мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"25 желтоқсандағы жағдай бойынша қалада COVID-19 жұқтырудың 17 972 жағдайы тіркелген. Олардың ішінде 16 465 (92%) адам жазылып шыққан. 1 151 науқас стационарларда және амбулаториялық деңгейде ем-дом алып жатыр. Осы уақытқа дейін коронавирустан 356 адам қайтыс болды. Бұл барлық науқастардың 1,9 проценті", - деді Пірәлиева онлайн брифингте.
Оның айтуынша, Нұр-Сұлтанда бір тәулік ішінде 3 712 ПТР сынама жасалды. Соның ішінде 60 тест оң нәтиже көрсетті. Көбісі – қала тұрғындарды. Ал 7 адам сырттан келген. Атап айтқанда, бесеуі басқа облыс тұрғындары болса, екеуі Испания мен Германиядан келді.
"Қазіргі кезде қала "сары аймақта" тұр. Инфекциялық стационарлардың жүктемесі 41 проценттен 36 процентке дейін төмендеді. Ал COVID-19 бойынша бір күнде медициналық көмек шақыратындардың саны 30-дан 17-ге дейін азайып отыр", - деп атап көрсетті Пірәлиева.