Қоғам

Қазақстандық вакцинаның сынағына қатысатын еріктілер скринингтен өтуі керек

Жазылу
Сынаққа қатысушылар анализ тапсырғаннан кейін, олармен келісім бекітіледі, деп атап өтті білім және ғылым министрі

НҰР-СҰЛТАН, 24 желтоқсан – Sputnik. QazCovid-in вакцинасының клиникалық сынағының үшінші кезеңіне еріктілерді тіркеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.  

"Ерікті атану өте оңай. Бірнеше қалада –  Алматыда, Таразда өтуге болады. Қазір Алматыда бірнеше клиникалық базада скрининг және еріктілерді вакцинациялау жүріп жатыр", - деді білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.  

Айта кетсек, республикада отандық QazCovid-in вакцинасының клиникалық сынағының үшінші кезеңі басталды.  

Министр жыл соңына дейін үш мың еріктіге екпе салынатынын атап өтті. Айтуынша, қазір еріктілердің көбі екпені алған. Сынаққа қатысу үшін олар міндетті түрде медициналық скринингтен өтуі тиіс. Анализ тапсырғаннан кейін, олармен келісім бекітіледі.

"Сынақтың бірінші кезеңінде өте көп адам тіркелді. Сол себепті біз өтінім қабылдауды уақытынан ерте тоқтаттық. Екінші фазада да дәл осындай жағдай болды. Ал қазір үшінші кезеңде біз үш мыңнан да көп адам жинап алғымыз келеді. Өйткені скринингтен кейін олар тағы іріктеледі. Қазіргі таңда еріктілерді тіркеу жалғасып жатыр", - деді ол.

Еске сала кетейік, келесі жылы наурыз айында қазақстандықтарға ерікті түрде отандық вакцина егіледі.

Жаңалықтар
0