НҰР-СҰЛТАН, 24 желтоқсан – Sputnik. Коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны салдырған білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов денсаулығы туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Екпені тамыз айында алдым. Бүгінгі күні, өздеріңіз көріп отырсыздар, бірнеше ай өтті. Дене қызуым көтерілген жоқ, басқа да қиындықтар болмады. Антидене пайда болды. Бұған мен Алматы қаласына барып, зерттеу жүріп жатқан зертханада қан тапсырғанымда көз жеткіздім. Десе де, иммунитет пайда болса да, санитарлық талаптарлы сақтауымыз керек", - деді Аймағамбетов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Қыркүйек айында білім министрі Аймағамбетовтің коронавирусқа қарсы отандық ғалымдар әзірлеген вакцинаны ектіргені белгілі болғаны еді.
Оқи отырыңыз: Бекшин Қазақстанда тіркелген вакцинаны салдыратынын мәлімдеді
Айта кетсек, келесі жылдың наурыз айында қазақстандықтарға коронавирусқа қарсы отандық вакцина салына бастайды. Бірінші кезекте ерікті түрде медицина қызметкерлеріне, педагогтерге, сондай-ақ созылмалы аурулармен ауыратын адамдарға екпе салынады.
Отандық QazCovid-in вакцинасын клиникалық сынаудың I және II кезеңі жүргізілген, енді желтоқсан айының соңына дейін үш мың еріктіні вакцинациялау аяқталады.