Қарулы күштерді модернизациялау, жаңа технологияларды дамыту, сондай-ақ АҚШ-тың геосаяси ықпалын одан әрі кеңейту жоспарға еніп отыр. Дональд Трамп бұл жобаға вето қоямын деп қорқытқанымен, бюджет мақұлдануы әбден мүмкін, деп жазады РИА Новости.
Қорғаныс бюджеті Америка үкіметінде дау тудырды. Қазіргі президент Дональд Трамп Ауғанстан, Корея және Германиядағы АҚШ әскері санының азаюына наразылығын білдірді. Бұған дейін ол Азаматтық соғыс кезіндегі Конфедерация қайраткерлерінің атымен аталған әскери нысандардың атауын өзгертуге және Оңтүстіктегі құл иеленушіліктің кез келген басқа символикасын жоюға қарсы болды.
Осыған қарамастан, 438 конгрессменнің 300-і бюджет жобасын қолдап дауыс беріп үлгерді. Бұл өкілдер палатасына президенттік ветоны еңсеруге мүмкіндік береді. Трамп жобаны бұғаттаған уақытта конгресс қайтадан дауыс береді. Ал егер құжат қайтадан мақұлданса, ол еш кедергісіз қабылданады. Оның үстіне, заңды Сенат та қолдады: 84 сенатор қолдаса, 13-і ғана қарсы болды.
Бюджет жобасының негізгі геосаяси жаңалықтарының бірі – "Солтүстік ағын – 2" жобасына қарсы санкциялар. Америкалықтар Ресейдің көмірсутегі нарығындағы позициясын бұзуға тырысып бағуда. Бюджетте газ құбырын салуға қолдау көрсеткендерді , сондай-ақ, құбыр тексеуші кемелерге техникалық модернизация бойынша қызмет көрсеткені үшін жаза қарастырады.
"Солтүстік ағын – 2" жобасының 94 проценті дайын. Бар болғаны 76 шақырым құбыр төсеу қалды. Санкциялардың алдын алу үшін Германия қулыққа барып, газ құбырын аяқтау үшін арнайы қор құрды. Заңды түрде мердігерлер "Солтүстік ағын – 2" жобасына еш байланыссыз осы құрылымның тапсырыстарын орындайды.
Америкалықтар Түркияға да қысым жасамақ. Бюджет ресейлік С-400 зениттік-зымыран кешендерін сатып алу және пайдалану үшін де санкциялар қарастырады. Өткен аптаның соңында Мемлекеттік департамент мемлекеттік хатшы Майк Помпеоның бұл келісім америкалық әскерилер мен әскери техниканың қауіпсіздігіне қауіп төндіретіні және түріктің әскери және қорғаныс өнеркәсібіне Мәскеудің қол жеткізуіне мүмкіндік беретіні туралы мәлімдемесін жариялады.
Америкалықтар өздерінің шығыс еуропалық одақтастары – Балтық маңы мен Польшаны қаржыландыруды жалғастырады. Сондай-ақ, "қауіпсіздік саласында көмек көрсету, украин қарулы күштерін қолдау бастамасы аясында" Киевке 250 миллион доллар бөлінеді.
Әрине, Америка Құрама Штаттары өзін де ренжітпек емес. 740 миллиард доллардың 635,5 миллиард долларын Пентагонның негізгі қажеттіліктеріне жұмсайды. Қалғаны энергетика саласындағы ұлттық қауіпсіздік бағдарламаларына (26,6 млрд) және шетелдегі операцияларға (69 млрд) бағытталады. Үш жыл ішінде гипердыбысты технологияларды қаруландыру саласына қабылдау қажеттілігі ерекше ескерілген.
Ядролық үштікті модернизациялауға шамамен 30 миллиард бөлінген. Бұл қаражат байланыс және басқарудың жаңа жүйелерін әзірлеуге жұмсалады. Зымыран шабуылдарына қарсы күрес жүйелерін дамытуға 20 миллиард доллар жұмсау көзделсе, ғарыш әскерлеріне 15 миллиард доллар резервке қойылып отыр. 10 миллиардқа жуық қаражат киберкеңістіктегі операцияларға бағытталуда.
Әуе-әскери күштер 57 миллиардқа иелік етпек. Бұл қаражатқа 79 бірлік F-35 жойғышы, 15 бірлік КС-46 жанармай тасымалдаушылары, 24 бірлік /A-18 Super Hornet палубалық бомбалаушы-жойғышы, 52 бірлік AH-64E Apache соққы жасау тікұшақтары және тағы бірқатар машиналар сатып алынады.
Құрлықтағы әскерлер үшін 13 миллиард бөлінді: төрт мыңнан астам жеңіл броньді автомобильдер, 32 көпнысанды броньді машиналар, 72 жауынгерлік амфибиялар сатып алады, сондай-ақ 89 Abrams танкілері жаңғыртылады. Болашақ технологиялар да ұмыт қалған жоқ. Осылайша, 3,2 миллиард гипердыбысты қаруға, 1,5 миллиард микроэлектроникаға, 841 миллион жасанды интеллектке жұмсалады.
Американың әскери бюджеті жыл сайын өсіп, жаңа рекордтар орнатуда. Жаңа президенттің билікке келуі АҚШ-тың сыртқы саясатын өзгертуі екіталай.