Саясат

Ассамблея атынан сайлауға түсетін кандидаттарға бюджеттен қанша ақша бөлінеді

© Sputnik / Абзал КалиевДеньги в руках
Деньги в руках - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Кандидаттарға өз бағдарламаларын бұқаралық ақпарат құралдарында таныстыру үшін бюджеттен ақша бөлінеді және үміткерлер арасында тең бөлінеді

НҰР-СҰЛТАН, 24 желтоқсан – Sputnik. Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан парламент мәжілісінің депутаттығына үміткерлердің бюджетін бекітті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Комиссия хатшысы Сабила Мұстафинаның айтуынша, кандидаттарға өз бағдарламаларын бұқаралық ақпарат құралдарында таныстыру үшін бюджеттен ақша бөлінеді және үміткерлер арасында тең бөлінеді. Ал Орталық сайлау комиссиясы осы қаражаттың көлемін және оны бөлу тәртібін айқындайды. БАҚ-та сөз сөйлеудің уақыты да бекітілген. Мәселен, теледидарда - 15 минут, ал радиода - 10 минут. Бұдан бөлек, мерзімді баспасөз басылымдарында немесе желілік басылымдарда жарияланатын екі мақаланың көлемі 0,1 баспа парағынан аспауы шарт.

Сосын "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" конституциялық заңға сәйкес, республикалық бюджет есебінен кандидаттардың сайлау алдындағы іс-шаралары, үгіт материалдары мен көлік шығыстары өтеледі. Осының бәрін ескере отырып, Орталық сайлау комиссиясы  2021 жылдың 11 қаңтарында Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан мәжіліс сайлауына қатысатын үміткерлердің шығындарын белгіледі. 

"Қаулыда кандидаттың 870 000 теңге көлемінде, соның ішінде теледидар мен радиода сөз сөйлеуге, сондай-ақ мерзімді баспа басылымдарында 2 мақала жариялауға - 590 000 теңге, сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізуге және үгіт материалдарын шығаруға - 130 000 теңге, ал көлік шығыстарына 150 000 теңге сомасында қаражат белгіленген", - дейді Мұстафина.

Айта кетейік, бүгін комиссия Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан парламент мәжілісінің депутаттығына ұсынылған кандидаттарды тіркеді. Олар: 

  • Сауытбек Әбдірахманов - ҚХА-дан сайланған, мәжілістің VІ шақырылымының депутаты;
  • Аветик Амирханян - Батыс Қазақстан облыстық "Масис" армян этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы;
  • Ильяс Буларов - Жамбыл облысы Қордай ауданы Сартөбе ауылдық округінің әкімі;
  • Наталья Дементьева - "Көкшетау гуманитарлық-техникалық лицей-мектебі" КММ директоры;
  • Юрий Ли - "Қазақстанның ұлттық коллекторлар палатасы" ЗТБ төрағасы;
  • Вакиль Набиев - "Барбанг" күрдтер қауымдастығы" республикалық қоғамдық бірлестігінің вице-президенті;
  • Шамиль Осин - "Қазақстан татар және башқұрттар конгресі" республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты;
  • Владимир Тохтасунов - "ЖетісуОблГаз" ЖШС бас директоры;
  • Абилфас Хамедов - "Әзербайжандықтар қауымдастығы" республикалық қоғамдық  бірлестігінің төрағасы;

Қазақстанда мәжіліс (парламенттің төменгі палатасы) сайлауы 2021 жылы 10 қаңтарда өтеді. Онымен бірге мәслихаттар сайлауы да ұйымдастырылады. Ол заңға қайшы емес. Себебі екі сайлау да партиялық тізімдер бойынша өтеді. Ал Ассамблея депутаттарын сайлау 11 қаңтарда өтеді. Оларды ұйымға мүше адамдар сайлайды.

 

Жаңалықтар
0