НҰР-СҰЛТАН, 23 желтоқсан – Sputnik. Келесі жылдан бастап қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты түрде жұмсай алады. Парламент тиісті заңды қабылдап, президентке жіберді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін сенат экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері туралы заң жобасына бірқатар түзету енгізіп, мәжіліске кері қайтарған болатын. Аталған құжат қазақстандықтарға зейнетақы жинағын пайдалануға мүмкіндік беруді көздейді.
Бүгін төменгі палата жалпы отырыста сенат енгізген түзетулерді қарады.
"Сенат енгізген түзетулер нақтылау сипатына ие және мәжіліс мақұлдаған заң жобасының тұжырымдамасы мен мазмұнын өзгертпейді. Сондықтан Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті заң жобасына сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларға келісім білдіруді ұсынады", - деді депутат Сәкен Өтебаев.
Мәжіліс бірауыздан қолдап дауыс берді. Заң президенттің қарауына жолданады.
Заңда, сондай-ақ, білім гранттарына берілетін квоталар да қарастырылған. Бұл норма көпбалалы және толық емес, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылардың балаларына жоғары білім алу мүмкіндігін кеңейтеді.
Бұдан бөлек, құжатта бірыңғай терезе қағидасы бойынша "бизнеске арналған үкімет" қызметін іске қосу көзделіп отыр.
Микроқаржы ұйымдарына және олардың басшылық лауазымдағы қызметкерлеріне қойылатын талаптар да күшейтіледі. Бұл қарыз алушыларды қорғауға және қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.