Қоғам

Курсант өлімі: Алматыда академия бастығы жұмыстан босатылды

© Sputnik / Владимир Федоренко / Медиабанкке өтуПортфель
Портфель - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Оқу орнына арнайы топ жіберілді. Оның құрамында министрліктің кадр саясаты және ішкі қауіпсіздік департаменттерінің қызметкерлері болды

НҰР-СҰЛТАН, 23 желтоқсан – Sputnik. Алматыдағы ішкі істер министрлігі академиясында кешенді тексеріс басталды. Ал оқу орнының бастығы қызметінен босатылды, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

"ІІМ Алматы академиясының курсанты Саламат Өтегеновтың қазасына байланысты қалалық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 105-бабы ("өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу") бойынша сотқа дейінгі тергеу шараларын бастап кетті. Тергеу кезінде марқұмның туған-туыстары айтқан уәждердің бәрі ескеріледі", - делінген ресми хабарламада. 

Ал оқу орнына арнайы топ жіберілген. Оның құрамында министрліктің кадр саясаты және ішкі қауіпсіздік департаменттерінің қызметкерлері болды. Тексерістің нәтижесінде тәртіптік комиссияның отырысы өтті.  

"Ішкі істер министрінің бұйрығы бойынша тиісті бақылауды жасамағаны үшін академия бастығы Смайылов қызметінен босатылды. Бұдан бөлек, тәрбие-идеологиялық және кадрлық жұмысқа жауапты оның орынбасары жұмыстан босатуға ұсынылды", - дейді құқық қорғаушылар. 

Комиссия академияның тағы 16 жауапты қызметкерін тәртіптік жазаға тартуға шешім қабылдады. Олардың ішінде 5 адам қызметінен босатылды. 

Осы оқиғадан кейін кешенді тексеріс басталды. Мамандар академиядағы оқу процесін, тұрмыстық және моральдық-психологиялық жағдайды тексеріп шығады. Қаржылық-шаруашылық жағы да зерделенеді. Ал келесі жылдың бірінші тоқсанында ішкі істер министрлігінің барлық оқу орындарында тексеріс шаралары жүргізіледі.

Курсант өлімі

Саламат Өтегеновтың денесі 13 желтоқсанда асхананың қосалқы бөлмесінде табылды. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметі оны құтқара алмады. Қаралы хабар ата-анасына сол күні хабарланды. 16 желтоқсанда марқұм Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданындағы Шабдаржап ауылында жерленді.

Жігіттің анасы оқу мекемесінде әрдайым ақша талап ететінін айтты. Бекзат Иманғалиеваның айтуынша, бірінші сессия тапсыру үшін ұлы 80 мың сұраған. Ақшасыз тапсыру мүмкін болмаған.

Өмірінің соңғы күнінде ол сағат 11-де ағасына "17.00-ге дейін 300 мың теңге жіберші" деп жазған. Ауылда интернет нашар болғандықтан, ағасы хабарламаны тек кешке оқыды. Саламат 16.31-де соңғы смс-те: "Мен кеттім" деп жазған.

19 жастағы жігіт 3-курста оқыған.

Жаңалықтар
0