Экономика

Коронавирустың жаңа түрі теңгені әлсіретті – Ұлттық банк

© Sputnik / Абзал КалиевАқша, теңге, монета
Ақша, теңге, монета - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ұлттық банк әлемдік нарықта қалыптасқан қазіргі жағдай тек теңгеге ғана емес, басқа валюталарға да кері әсер етіп жатқанын хабарлады

НҰР-СҰЛТАН, 23 желтоқсан – Sputnik. Ұлыбританияда анықталған коронавирустың жаңа штаммы теңге бағамы мен мұнай нарығына қысым түсіріп жатыр, деп мәлімдеді Қазақстанның ұлттық банкі.

Биржадағы сауда-саттықта теңгенің долларға шаққандағы бағамы жексенбіден бері (-) 0,98% әлсіреп, 421,25 теңге шамасында тұр.

Ұлттық банктің монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов теңгенің құлдырауына қандай факторлар әсер етіп жатқанын айтты.

"Ұлыбританияда коронавирустың жаңа түрі пайда болды деген жаңалық, осыған байланысты сапарлар мен қозғалыстың шектелуі мұнай бағасының төмендеп, дамушы елдердегі негізгі валюталардың әлсіреуіне, соның ішінде Қазақстан ұлттық валютасының әлсіреуіне әсер етті", - деді ол.

Энергия тасымалдаушы нарықтарға әсер еткен қосымша жағымсыз фактордың бірі – АҚШ-тағы шикі мұнай қорының өсуі. Соның салдарынан Brent маркалы мұнай өткен аптаның соңынан бері 5,7% арзандап, бүгінгі сауда-саттықтың азиялық сессиясында барреліне 49,26 долларға сатылды, деп толықтырды банктің баспасөз қызметінен.

Тұрсынхановтың айтуынша, COVID-19 вирусының жаңа штаммы табылды деген жаңалық әлемдік индекстерге де түзетулер енгізді. Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігі Еуроодақ аумағында коронавирусқа қарсы вакцинаны пайдалануға рұқсат бергеніне қарамастан, еуропалық индекстер 1,7-2,5%-ке төмендеді.

Тағы оқыңыз: Ұлттық банк 2, 5 және 10 мың теңгелік банкноттарға қатысты мәлімдеме жасады

АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп Конгресс мақұлдаған ынталандыру пакетіне қол қоюдан бас тартқаннан кейін, АҚШ биржалары әртүрлі бағыттарда жабылды.

"Шикізат нарықтарының құлдырауына байланысты дамушы нарықтардың валютасы өткен аптаның соңынан бері төмендеп, сейсенбіде жалпы теріс мәндермен жабылды", - деді департамент басшысы.

Ұлттық банктің мәліметінше, долларға шаққанда Бразилия реалы  (-) 1,6%-ке, Мексиканың ұлттық валютасы (-) 1,0%-ке, Оңтүстік Африканың ранд бағамы (-) 0,9%-ке,  түрік лирасы (-) 0,5%-ке, үнді рупиясы(-) 0,4%-ке әлсіреді.

Вакцинация басталды деген жаңалықтың әсерінен қарашадан бастап айтарлықтай нығайған ресейлік рубль жұма күнгі (-)3,3% деңгейінен бүгін бір доллар үшін 76 рубльге дейін арзандады.

Тұрсынханов теңгенің айырбас бағамы сыртқы негізгі факторлардың ықпалымен қалыптасып, энергия тасымалдайтын негізгі нарықтар мен дамушы елдердің нарықтарына тән динамика көрсеткенін атап өтті.

Жаңалықтар
0