АЛМАТЫ, 23 желтоқсан – Sputnik. Маңғыстау облыстық балалар ауруханасында дәрігерлер жеті жасар баланың асқазанынан бір буда шашты алып тастады.
Облыстық балалар ауруханасы 21 желтоқсанда қабылдау бөліміне 2013 жылы туған бала жеткізілгенін хабарлады. Ата-анасының айтуынша, баланың іш қуысы ауырып, мазасызданған.
"Баланың іш қуысын рентгенге түсірген кезде іште үлкен ісік бар екені анықталды. Облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері екі күн ішінде науқасты операцияға дайындады", - дейді ауруханадағылар.
Бір сағат ішінде балалар хирургтары трихобезоарды (шаш жентегі) алып тастау операциясын сәтті аяқтады. Қазір баланың жағдайы жақсы.