НҰР-СҰЛТАН, 22 желтоқсан – Sputnik. Шымкентте 70 жастағы зейнеткерді зорламақ болды деген күдікпен ұсталған ер адам арам ойынан неге айнып қалғанын айтып берді, деп хабарлады КТК.
"Шештім, қалтасын қарап едім, мың теңге шықты. Шалбарымды шештім. Сол кезде дауысты естіп, есіктен шығып кеттім", - дейді күдікті.
Азғын айтпаса да, оның әрекеті камераға анық түскен. Осы үйдің тұрғыны, 70 жастағы әйел ішке кіргенде артынан бірге кірген азамат оны буындырған. Есінен танып құлаған соң, қалтасын тексеріп, өзі айтқандай мың емес, зейнеткердің 8 мың теңгесін алыпты. Содан кейін ғана есінен танған әйелді шешіндіріп, зорлауға әрекет еткен. Ол есін жиған кезде бірнеше мәрте бетінен ұрғаны да көрініп тұр.
Оқи отырыңыз: Шымкентте полицей әйелді зорламақ болған ер адаммен селфиге түсті – тексеріс басталды
Азғын дегеніне жеткен жоқ. Подъезд ішінен дауыс естілген соң ізін суытқан. Қазір зейнеткердің жағдайы жақсы. Ал күдікті уақытша қамау абақтысында отыр.
"Қылмыстық кодекстің 190-бабының 2-бөлігінде және 120-баптың 1- бөлігінде көрсетілген тонау және зорлауға оқталу бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық әрекеттері дәлелденсе, 8 жылға дейін бас бостандығынан айру жазасы көзделген", - дейді ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз.