НҰР-СҰЛТАН, 22 желтоқсан – Sputnik. Маңғыстау облысында карантиндік шаралар 25 желтоқсаннан бастап күшейтіледі. Бұл туралы өңірлік орталық коммуникациялар орталығында өткен брифингте облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бастығы Ғазиз Надуев мәлімдеді, деп хабарлайды жергілікті lada.kz басылымы.
Жуырда облыста COVID-19 ауруы көп тіркеліне байланысты облыстық жедел штаб жаңа қаулы әзірлеп жатыр. Сондай-ақ, Атырау облысының қызыл аймаққа еніп, коронавирустың күшеюіне байланысты Маңғыстау мен Атырау облысының арасында санитарлық бекет қойылады. Сондықтан да Бейнеу ауданындағы Боранқұл елді мекенінде аймаққа кіру жүйесі күшейтіледі.
"Маңғыстау мен Атырау арасында еркін байланыс тоқтайды. Екі аралықта тек азық-түлік, дәрі-дәрмек сияқты маңызды жүктерді тасымалдайтын көліктердің ғана еркін жүруіне рұқсат етіледі. Ал Атырау облысында вахталық әдіспен жұмыс істейтін өңір тұрғындары екі облыс аумағына еркін өте алады", – деді Надуев.
Оның айтуынша, ауысым жұмысшыларынан ПТР сынағының нәтижесі сұралмайды десек те, Маңғыстауға оралғаннан кейін Атырау аумағына кіруге рұқсат етілген азаматтар санитарлық постта сауалнама толтыруы қажет. Олар дәрігерлердің бақылауында болады,
Жұмыс уақыты қалай өзгереді
Жаңа қаулыға сәйкес, азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын, ашық, жабық базарлардың қызметі 18:00-ге дейін қысқартылады.
Сауда, ойын-сауық орталықтарының, гипермаркеттер мен супермаркеттердің жұмысына сағат 22:00-ге дейін рұқсат етіледі.
Ал кинотеатрлар тек 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
Корпоративтік іс-шаралар, үйлену тойы, балалар кеші мен басқа да бұқаралық іс-шараларға және отбасылық жиналыстарға қатаң тыйым салынады.
Карантиндік талаптардың сақталуын бақылау тобының өкілдері үнемі қадағалап отырады.
Оқи отырыңыз: Елордада карантин тәртібін бұзғандар 175 миллион теңге айыппұл төледі
Бұрын қонақ үй, жатақхана сияқты туризм саласындағы нысандар 70 проценттік сыйымдылықпен қызмет көрсетсе, енді бұл көрсеткіш 50 процентке дейін қысқарады.
Өндірістік орындардан басқа кеңсе қызметкерлерінің 70 проценті қашықтан жұмыс істеуге ауысуы тиіс.