НҰР-СҰЛТАН, 22 желтоқсан – Sputnik. Пандемия басталғалы бері қарулы күштерде коронавирусты жұқтырған екі мыңнан астам адам анықталды. Бұл туралы қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Пандемия басталғалы бері қарулы күштерде осы инфекцияны екі мыңнан астам адам жұқтырған. Олардың ішінде, шамамен, 100 адам қазіргі кезде ем-дом алып жатыр. Қалғандары жазылып шықты. Өкінішке қарай, бірнеше өлім тіркелді. Осы адамдардың туған-туыстарына көңіл айтамыз", – деді Ермекбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Министрдің айтуынша, коронавирустан 10 адам қайтыс болды. Бесеуі – әскери, тағы бес адам – азаматтық қызметші. Олар коронавирус пен пневмониядан көз жұмды. Ал коронавируспен анықталғандардың басым бөлігі әскерге шақырылған азаматтардың арасынан шықты. Көбісі симптомсыз ауырған, қалған адамдарда аурудың жеңіл белгілері болды.
"Негізі, әскерге шақырылғандардың барлығы алдымен үш күндей оқшауда болады. Оған дейін ПТР-тест жасалады. Оқшаудан шығардың алдында тағы бір сынама алынады. Содан кейін ғана әскерге жіберіледі. Мерзімді әскери қызметке шақырылғандар арасында вирус жұқтырған адамдардың барлығы осы шаралар аясында анықталды", – деп атап көрсетті Ермекбаев.
Оқи отырыңыз: Таразда әскери бөлім карантинге жабылды