АЛМАТЫ, 22 желтоқсан – Sputnik. Ақмола облысында такси жолаушысын тонап, соққыға жықты, деп хабарлады Polisia.kz.
19 желтоқсанда Көкшетау қаласының полиция басқармасына 39 жастағы тұрғыннан арыз түскен. Ол 17 желтоқсанда белгісіз біреулер соққыға жығып, телефонын, азық-түлік салынған сөмкесін ұрлап кеткенін айтты. Шығын сомасы 50 мың теңге шамасында.
Ер адамның айтуынша, сол күні жұмыстан шыққан соң такси тоқтатқан. Оның ішінде отырған екі адаммен танысқан.
Жаңадан танысқан екі адам қонаққа бара жатқанын айтып, бірге баруды ұсынған. Бірге отырып ішімдік ішкен соң жәбірленуші мен күдікті арасында жанжал туындады. Олар жолаушыны ұрып, тонап кеткен. Ер адам есін жиған соң полицияға барды.
Ол өзінің жаңа таныстары туралы ештеңе білмейтін болып шықты, олармен қай жерде дастарқандас болғаны да есінде жоқ.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция Көкшетау қаласының 23-41 жас аралығындағы үш тұрғынын анықтады.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 191-бабының 2-бөлігі ("тонау") бойынша сотқа дейінгі іс қозғалды.
Күдіктілерге қатысты "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.