НҰР-СҰЛТАН, 21 желтоқсан – Sputnik. Парламент сенаты қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға мүмкіндік беретін Экология кодексінің жобасын екі оқылымда қарап, қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, Экология кодексі Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерінің, сондай-ақ, ең озық халықаралық тәжірибені негізінде әзірленді.
Ластаушы төлейді
Министрдің айтуынша, "ластаушы төлейді" қағидатының негізіне ластануды болдырмау және бақылау шаралары жатады.
Сонымен қатар, қоршаған ортаға зиян келтірген кәсіпорындарға жауапкершілік қарастырылып отыр.
"Экологиялық залал келтірілген жағдайда, табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны бастапқыда болған қалпына келтіруге міндетті", - деді Мырзағалиев сенаттың жалпы отырысында.
Жаңа кодекс қоршаған ортаны ластайтын кәсіпорындарды ең озық қолжетімді технологияларға көшуге міндеттейді.
Министр ең озық қолжетімді технологияларды енгізудің арқасында Қазақстанның экологиялық ахуалы жақсарады деп санайды.
"Бірінші кезеңде мұнай-газ, тау-кен металлургиясы, химия және электр энергетикасы салаларына қатысты 50 ірі кәсіпорынды ең озық қолжетімді технологияларға ауыстыру жоспарланған. Айта кетерлігі, осы 50 кәсіпорынға жалпы ластанудың 80%-і тиесілі", - деді ведомство басшысы.
Кәсіпорындардың табиғатқа әсері бағаланады
Экология кодексінің жаңа редакциясында бірінші санаттағы ірі кәсіпорындар үшін қоршаған ортаға әсерді бағалаудан өту туралы талап қарастырылды. Олардың тізбесі қайта қаралды және экологиялық қауіпті объектілерге баса назар аударылатын болады.
Сонымен қатар, Мырзағалиевтің айтуынша, қоғам өкілдері қоршаған ортаға әсерді бағалаудың барлық кезеңіне қатысады.
"Міндетті түрде бірінші санаттағы нысандардың қоршаған ортаға әсері бағаланады. Ал екінші санаттағы объектілер скринингтен өтеді. Яғни, қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу қажет немесе қажет емес екендігі анықталады. Үшінші санаттағы объектілер бойынша декларация қабылданады. Олар: қоймалар, жиһаз цехтары, бетон өңдеу тораптары және қызметі жергілікті, қоршаған ортаны ластаудың елеусіз сипатындағы өзге де объектілер. Ал төртінші санаттағы объектілер реттеуден толық босатылған. (автожуу, ТҚО, қоғамдық тамақтану объектілері, қуаттылығы аз қазандық қондырғылары бар микробизнес объектілері)", - деді министр.
Табиғатты қорғауға жұмсалатын ақша
Мырзағалиев қолданыстағы заңнама бойынша эмиссия үшін түскен төлемдерді табиғатты қорғау шараларына мақсатты жұмсау міндеттелмегенін атап өтті. Салдарынан жергілікті атқарушы органдар бюджетке түсетін қаржының 45%-ін ғана қоршаған ортаны қорғауға бөледі. Кейбір облыстарда экологияны сақтауға жұмсалатын шығыстар 10%-тен де аспайды.
"Осыған байланысты, заң жобасында жергілікті атқарушы органдар түсетін экологиялық төлемдердің есебінен 100% көлемінде қаржыны табиғат қорғау шараларына бөлуге міндетті екендігі көрсетілген", - деді ол.
Сонымен қатар, заңсыз қоқыс тастау мәселесін жүйелі түрде шешу үшін қоқыс шығаратын көліктерге міндетті түрде GPS-датчиктер орнатылады.
"Әрине, біз Экология кодексі қабылдана салысымен экологиялық жағдай бірден өзгереді деп күтпейміз. Алайда кодекске орта мерзімді перспективада экологиялық жағдайды жақсартуға, зиянды заттар мен қалдықтарды азайтуға мүмкіндік беретін жүйелі шаралар енгізілген. Сондықтан бұл Кодекс қоршаған ортаның жағдайын жақсартатынына күмәніміз жоқ", - деді Мырзағалиев.
Парламент сенаты жалпы отырыста кодекс жобасын екі оқылымда қарап, бірауыздан қабылдады.
Экологиялық кодекс президенттің қол қоюына жіберілді.