НҰР-СҰЛТАН, 21 желтоқсан – Sputnik. Алматы облысында көлігіне бұқа салып алған мас жүргізуші ұсталды.
Таңертең Алматы-Өскемен автожолының 230 шақырымында патрульдік полицейлер "Фольксваген Гольф" автокөлігін тоқтатқан. Мұқыр ауылында тұратын 31 жастағы жүргізушінің ішімдік ішкені анықталды.
"2019 жылы жүргізушінің үш жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылғаны анықталды. Күдікті ішімдік ішкеннен кейін көрші ауылда тұратын ағасына төрт айлық бұқаны апаруға шешім қабылдағаны белгілі болды", – деп хабарлады Көксу АПБ бастығы Рамиль Гимадиев.
Автокөлік айып тұрағына қойылды.
Полиция көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған адам ішімдік ішіп көлік жүргізсе, қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертті. Құқық бұзушыға ірі көлемде айыппұл салынады немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.