НҰР-СҰЛТАН, 17 желтоқсан – Sputnik. Ресей президенті Владимир Путин 7 жасқа дейінгі балаларға Жаңа жылдық сыйлық ақшалай таратылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Жақында еріктілер маған Жаңа жылдың қарсаңында балаларды қолдауға арналған сан алуан идея бар екенін айтқан. Биыл өкінішке қарай эпидемиологиялық шектеулерге байланысты Жаңа жылдық шыршаға арналған бұқаралық шараларға тыйым салынды. Ал балалар осы мейрамды қатты күтеді", - деді Путин жыл сайынғы баспасөз мәслихатында.
Ресей басшысы үкімет пен президент әкімшілігімен кеңесіп, нақты бір шешімге келгенін айтты.
"Біз мемлекет тарапынан балаларға сыйлық жасаймыз деп келістік. Аз да болса, ақшалай сыйлық жасалады. 7 жасқа дейінгі балаларды асырап отырған барлық отбасыға 5 000 рубльден таратылады. Ақшалай сыйлық әрбір балаға беріледі", - деп түйіндеді Путин.