Қоғам

Назарбаев қазақстандықтарды мерекемен құттықтады

Жазылу
Елдегі тұрақтылықты, қоғамымызда татулық пен келісімді сақтай отырып, көп ұлтты халқымызды бәсі бөлек артықшылыққа айналдырдық, деді Елбасы

АЛМАТЫ, 16 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. 

"Құрметті отандастар! Баршаңызды еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Біз 29 жыл бұрын ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсаған арманын орындап, тәуелсіздікке қол жеткіздік. Әлем қартасына Қазақстан атын ойып жаздық. Сол сәттен еліміздің жаңа тарихы басталды. Осы жылдар ішінде мемлекетіміз айтарлықтай өсіп-өркендеді, айтулы жетістіктерге  жетті", - делінген Елбасы құттықтауында.

Назарбаев елдігіміз бен егемендігімізді нығайтып, шекарамызды бекіткенімізді айтып өтті.

"Бәсекеге қабілетті нарықтық экономикаға көшіп, мемлекетімізді аяққа нық тұрғыздық. Қазақстан әлем мойындаған іргелі елге айналды", - деп атап өтті ол.

Сондай-ақ, Еуразия жүрегінде жаңа астана бой көтергенін, елдегі тұрақтылықты, қоғамымызда татулық пен келісімді сақтай отырып, көп ұлтты халқымызды бәсі бөлек артықшылыққа айналдырғанымызды айтты.

"Тәуелсіздікті алып, оны дүниеге паш ету бір бөлек, ал сол тәуелсіздікті сақтап қалу одан да зор міндет. Біз осы жылдар ішінде бұрынғы Кеңес одағы құлаған тұста дүниедегі ең үлкен экономикалық дағдарысты артқа тастап, қазіргі жаһандық пандемияны да еңсеріп отырмыз. Басымызға түскен сынақтар бізді шыңдап, рухымызды күшейтіп, жігерімізді арттырды, ортақ мақсатқа жұмылуымызға түрткі болды. Қазақстанның даму мен өркендеу жолында үнемі алға басуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап, берік негіз қалыптастырдық", - деді Назарбаев.

Тәуелсіздікпен бірге сан ғасырлық тарихымыз, төл мәдениетіміз бен ата дәстүріміз қайта түлегенін айтып өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Тәуелсіздік мерекесімен президент Қасым-Жомарт Тоқаев, премьер-министр Асқар Мамин және басқалар құттықтаған болатын.

Жаңалықтар
0