НҰР-СҰЛТАН, 15 желтоқсан — Sputnik. АҚШ-тағы Ресей елшілігі америкалық БАҚ-тың Мәскеуді мемлекеттік билік органдарына хакерлік шабуылдар жасады деп айыптауын негізсіз деп атады, деп жазады РИА Новости.
Бұған дейін Рейтер агенттігі өз ақпарат көздеріне сүйене отырып, шет мемлекеттің үкіметі қолдау көрсеткен хакерлер тобы АҚШ Қаржы министрлігі мен Ұлттық телекоммуникациялар басқармасының жүйесіне кіре алғанын мәлімдеген болатын. Ақпарат көзіне сенсек, бұл шабуылдың ауқымды болғаны соншалық, сенбі күні АҚШ Ұлттық қауіпсіздігі кеңесінің отырысы өткен. Washington Post жазғандай, бұл ақпараттық қылмысқа ресейлік хакерлердің қатысы бар деген айып тағылып отыр. Алайда, сөзге еш дәлел жоқ.
"Америкалық БАҚ-тың Ресейді АҚШ-тың мемлекеттік билік органдарына хакерлік шабуыл жасады деп айыптауының кезекті әрекеті бұл. Ресми түрде мәлімдеме жасап отырмыз: ақпараттық кеңістікте шабуыл жасау біздің елдің сыртқы саяси принциптеріне, оның ұлттық мүдделері мен мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты орнату туралы ұғымына қайшы келеді. Ресей өзін виртуалды ортадағы шабуылдардан аулақ ұстайды", - деп жазылған Ресей елшілігінің Facebook желісіндегі парақшасында.
Сонымен қатар, Ресей киберқауіпсіздік бойынша екіжақты және көпжақты келісімдерді алға тартатыны айтылған. Елшіліктегілер Владимир Путиннің халықаралық ақпараттық қауіпсіздік саласындағы ресейлік-америкалық өзара әрекеттестікті қалпына келтірудің кешенді бағдарламасын еске салды.
"Бұл бағдарлама бойынша Вашингтоннан жауап ала алмадық. Ол екі ел арасындағы конструктивті әрі тең диалог орнату бойынша басқа ұсыныстарымыз секілді жауапсыз қалды", - деп жазылған хабарламада.
Бұл ресейлік хакерлерді түрлі шабуылдарға қатысы бар деген Батыстың айыптауын Мәскеудің бірінші рет жоққа шығаруы емес. Ресей Батысқа киберқауіпсіздік бойынша диалогты қайта жаңғырту туралы ұсыныс жасаған болатын. Алайда, америкалықтар мұндай ынтымақтастықтан бас тартты.