Қоғам

Ақтоты Райымқұлова мәдениет және спорт қызметкерлерін марапаттады

© Sputnik / Абзал КалиевМинистр культуры и спорта Казахстана Актоты Раимкулова
Министр культуры и спорта Казахстана Актоты Раимкулова - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қаншама әріптесіміз –  спорт, өнер майталмандары қажырлы еңбегінің арқасында мемлекеттік  наградамен марапатталды, деп атап өтті министр

АЛМАТЫ, 14 желтоқсан – Sputnik. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастығын нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бір топ азаматқа мемлекеттік наградаларды табыстады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Марапаттау шарасының басында министр 2020 жылы мәдениет саласында атқарылған бірқатар іске тоқталды.

"Биыл мәдениет, спорт, туризм, лотерея және ойын бизнесі саласындағы заң жобаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жетілдіріліп жатыр. Сондай-ақ, қазір ең маңызды жұмыстың бірі латын графикасына көшу кезең-кезеңімен жалғасып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін жетілдіруге қатысты жұмыстар жүргізіліп, әліпби жобасы мемлекет басшысының назарына ұсынылды", - деді мәдениет министрі.

Оқи отырыңыз: Айнұр Тұрсынбаева, Тоқтар Серіков – президент кімдерді марапаттады 

Айтуынша, алдағы уақытта әліпби ұлттық комиссияның күн тәртібіне енгізіледі.

Осылайша, жиын барысында "Отан" орденімен "Астана опера" мемлекеттік опера және балет театрының жетекші опера солисі Майра Мұхамедқызы марапатталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен "Парасат" ордені олимпиадаға даярлау орталығының директоры Мирхаят Сембековке табысталды.

"Құрмет" оденімен марапатталды:

  • "Қазақконцерт" мемлекеттік концерт ұйымының аудармашысы Серікзат Дүйсенғазы,
  • Өтеп атындағы дарынды балаларға арналған өнер мектеп интернатының директоры Маржан Есжанова,
  • "Астана опера" мемлекеттік опера және балет театрының оркестр концертмейстері Александр Малиновский,
  • Максим Горкий атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының әртісі Светлана Фортуна.

"Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталды:

  • "Асыл-дизайн" сән үйінің бас дизайнері Айдархан Қалиев,
  • Мәдениет және спорт министрлігінің департамент директоры Жаңыл Мұхтарова,
  • "Есіл" республикалық газетінің бас редакторы Есенгелді Сүйінов,
  • Қазақ ұлттық хореография академиясының оқытушысы Раушан Төлегенова.

"Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы "Қазақконцерт" мемлекеттік концерт ұйымының  қазақ симфониялық ұйымының әртісі Ермек Магавинге берілді.

Сонымен қатар Ақтоты Райымқұлова "Құрмет" грамотасын  Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы Ольга Жулдиеваға табыстады.

"Қаншама әріптесіміз, спорт, өнер майталманы керемет наградамен марапатталып жатыр. Бұл біздің қарқынды және қажырлы еңбектеріңіздің арқасы. Тәуелсіздік күні қарсаңында марапат алған әріптестерімді құттықтаймын. Бұл мемлекеттік марапаттар сіздер үшін кәсіби әрі шығармашылық жағынан өсуге стимул болады деп сенемін", - деді Райымқұлова.

Мәдениет және министрі мемлекет басшысының тапсырмасымен мемлекеттік награданы тапсырғанын, басқа да әріптестерінің осындай марапат алуына тілектес екенін жеткізді.

Жаңалықтар
0