АЛМАТЫ, 14 желтоқсан – Sputnik. Сирек кездесетін ауруға шалдыққан 11 жасар қарағандылық Аңсар Нұржановқа Қазақстанда дәрі алуға рецепт жазып берді. Бұл туралы баланың анасы Әсел Нұржанова Instagram парақшасында хабарлады.
Әйел парақшасында ұлына "Аталурен" препаратын қолдану ұсынылғаны жазылған рецепт фотосын жариялады. Дәрі жергілікті бюджет қаражатынан беріледі.
"Үйге ораламыз! Осы адамдарды есте сақтап алыңыздар. Алдымен үкім шығарды, балаға мүмкіндік бермеді, кейіннен өздері рецепт жазып, дәрі тағайындады. "Аталурен" қауіпсіз және менің ұлыма тағайындалды. Қасым-Жомарт Кемелұлы, қолдауыңыз бен ұлыма деген қамқорлығыңыз үшін рақмет", - деп жазды Нұржанова.
Бұл препаратпен емдеу 6-12 айға созылады. Дәрі қолдың бұлшықет қозғалысын сақтап, оның жалпы белсенділігін жақсартады. Бұған дейін баланың анасы үш жылға жуық уақыт бойы дәрігерлерден еуропалық "Аталурен" препаратын жазып беруді сұраған.
Қарағандылық дәрігерлер Аңсарға "Дюшенн прогрессивті бұлшықет дистрофиясы" диагнозын он жасында қойған. Ата-анасына ауруға көндігуге кеңес берген.
Балаға сирек кездесетін ауру диагнозы қойылғаннан бері отбасының өмірі айтарлықтай өзгерді. Алайда Аңсардың анасы мойымай, ұлының өмірі үшін күресіп келеді. Ал шетелде емделу қомақты қаржыны талап етеді.
Баланың анасы танымал кәсіпкерлерден көмек сұрады, футбол жұлдызы Криштиану Роналдуға хат жазды. Баланың оқиғасы әлеуметтік желіде тарады. Денсаулық сақтау министрлігі басшысының айтуынша, баланың жағдайына Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударған.
Содан кейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Әсел Нұржановамен байланысқа шықты.