НҰР-СҰЛТАН, 14 желтоқсан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Қазақстанның Тәуелсіздік күніне орай Ресей Федерациясының президенті Владимир Путиннің құттықтау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Ақорда.
Владимир Путин өзінің құттықтауында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық даму ісінде зор табысқа қол жеткізгенін, әлемдік аренада үлкен беделге ие екенін, халықаралық өзекті проблемаларды шешуде маңызды әрі конструктивті рөл атқаратынын атап өткен.
Сондай-ақ Путин екі ел де еуразиялық кеңістіктегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту жолымен келе жатқанын атап өтті.
"Өзіңізге зор денсаулық пен табыс, ал барлық достас Қазақстан азаматтарына шын жүректен бақ-береке тілеймін", – деп түйіндеген Ресей басшысы.