Оқиға

Ақтөбеге бет алған жолаушылар пойызында газ баллоны жарылды

© Photo : МЧС КазахстанаВагондағы өрт
Вагондағы өрт - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Алдын ала болжам бойынша, жүк вагонында газ баллоны жарылған. Зардап шеккен бес адам ауруханаға жеткізілді

НҰР-СҰЛТАН, 14 желтоқсан – Sputnik. "Маңғышлақ-Ақтөбе" жолаушылар пойызының жүк вагонынан өрт шығып, бес адамның, соның ішінде бір баланың денесін күйік шалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Төтенше жағдай туралы хабар 14 желтоқсанда сағат 04.30-да түсті. Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының аумағында орналасқан №464 разъезд маңында №109 "Маңғышлақ-Ақтөбе" жолаушылар пойызының жүк тасымалдау вагоны өртенген.

Министрліктің ақпаратынша, оқиға орнына ТЖ департаменті, Апаттар медицинасы орталығы, "ҚазмұнайТеңіз" МӨҚҚ, "ҚТЖ" ҰК" АҚ-ның 30 адамнан тұратын күштері мен құралдары, 7 техника және 1 өрт пойызы жіберілді.

"Өрттің басқа вагондарға таралуына жол бермеу үшін багаж вагоны жолаушылар вагонынан ажыратылды. Өрт салдарынан 5 адам, оның ішінде бір баланың денесін түрлі дәрежедегі күйік шалды. Зардап шеккендер жүк вагонында болған. Олар Бейнеу ауылындағы орталық ауруханаға жеткізілді", - деп мәлімдеді ведомствоның ресми өкілі Талғат Уәли.

Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына жүк вагонындағы газ баллонының жарылуы себеп болған.

Тілсіз жау сағат 07.19-да сөндірілді, жүк вагоны толығымен жанып кеткен.

Қазіргі уақытта өртенген вагон қоршалды, өрттің себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.

Сағат 09.18-те жолаушылар пойызы Ақтөбе станциясына жіберілді.

Жаңалықтар
0