НҰР-СҰЛТАН, 13 желтоқсан – Sputnik. Қызылорда облысының құтқарушылары ірі газ жарылысының алдын алды.
Төтенше жағдайлар жөніндегі ведомство өкілдерінің хабарлауынша, құтқарушыларға 13 желтоқсан күні таңғы сағат 6:27-де "Қызылорда–Жезқазған" тас жолының бойында жүк көлігінің жанып жатқаны туралы қоңырау түскен.
"Өрт сөндіру қызметінің жеке құрамы оқиға орнына дереу жетті. Ол жерде "Азимут" ЖШС-не тиесілі пропан тиелген 12 тонналық MAN көлігінің алдыңғы бөлігі өртеніп жатқаны анықталды", – делінген хабарламада.
Өрт сөндірушілер оқиға орнында жедел әрі үйлесімді әрекет етіп, таңғы сағат 7-де тілсіз жау толық сөндірілді.
Осылайша, өрт сөндірушілер Шымкенттен Ақшабұлақ кен орнына бара жатқан жүк көлігіне тіркелген 12 тонналық цистерна жарылысының алдын алды.
Оқи отырыңыз: "Адамдар айғайлап, жылап жатты": куәгерлер елордадағы жарылыс туралы айтып берді
Апат салдарынан ешкім зардап шегіп, жарақат алған жоқ. Тиісті сала мамандары өрттің шығу себебі мен шығын көлемін анықтап жатыр.