Экономика

Қазақстанда салықтардың бірі жойылды: ел азаматтары үшін не өзгереді

© Sputnik / Болат ШайхиновНалоговый кодекс РК
Налоговый кодекс РК - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жеке тұлғалар үшін жер және мүлік салығы біріктіріледі, ал көп пәтерлі үйдегі тұрғын үй иелері үшін жер салығы алынып тасталады

НҰР-СҰЛТАН, 12 желтоқсан – Sputnik. Мемлекеттік кірістер комитеті Салық кодексіне енгізілген түзетулерден кейін қазақстандықтар үшін салық төлеу жүйесі қалай өзгеретінін түсіндірді.

Еске сала кетейік, көлік, жер және мүлік салығын төлеу бойынша кодекске енгізілген түзетулерге президент қол қойды.

Көлік салығы

Жаңылысып (артық) төленген көлік құралдарының салығын қайтарумен байланысты артық төлем мен әуре-сарсаңның алдын алу үшін жеке тұлғалардың автокөлік салығын төлеу мерзімі есепті кезеңнен кейінгі жылдың I тоқсанының соңына ауыстырылды.

Заң бұл норманың 2020 жылдан бастап орындалуын қарастырады, яғни 2020 жылдың міндеттемелері бойынша төлем 2021 жылы төленуі керек.

Мүлік салығы мен жер салығы біріктірілді

Бұл салықтар біріктірілгенде салық элементтеріне (салық салу нысаны, салық базасы, ставкалар, есептеу және төлеу тәртібі) өзгеріс енгізілмейді. Осылайша, жер учаскелері мен мүлікке салынатын салық қолданыстағы тәртіпке сәйкес бөлек есептеледі, ал салық төлеушіге бір сома (бір бюджеттік сыныптама коды) келеді.   

Бұл норма 2020 жылдан бастап енгізіліп отыр, яғни 2021 жылы 2020 жылдың міндеттемелері бойынша біріктірілген мүлік салығын төлеу қарастырылған.

Көп пәтерлі үйлердің иелері үшін жер салығы жойылды

Көп пәтерлі тұрғын үйлердің иелері үшін жер салығын алып тастауға оны жинауға кететін шығынның бірнеше есе асып түсуі себеп болды. Салықтың мөлшері өте төмен, 8 теңгеден 20 теңгеге дейін, ең көп дегенде 100 теңге шығады. Алайда квитанция толтырып, комиссия төлеу керек, яғни әкімшілендіру оңай емес. Сондықтан ұлттық экономика министрлігі адамдарды бұл салықтан босатуды ұсынған болатын. Осылайша, көп пәтерлі тұрғын үйде баспанасы бар 1 миллион азамат жер салығын төлемейді.

Заңда бұл норманы 2020 жылдан бастап енгізу қарастырылған, яғни 2020 жылға есептелген жер салығы төленбейді.  

Жаңалықтар
0