НҰР-СҰЛТАН, 12 желтоқсан – Sputnik. Полицейлер Жаңаөзенде инкассаторларға шабуыл жасағандардың барлығын ұстады.
Еске сала кетейік, 3 желтоқсан күні кешке Жаңаөзен қаласы полиция басқармасы жедел басқару орталығына 4-шағын ауданда банк бөлімшесі қасында инкассатор машинасына шабуыл жасалғаны туралы хабарлама келіп түскен.
Сол бойда құқық қорғау органдары арнайы іс-қимыл жоспарын енгізді. Қаланың, сондай-ақ жақын өңірлердің патрульдері мен полиция бекеттеріне хабар берілді.
"Алдын ала дайындықпен жасалған бұл қылмысты ашу үшін Маңғыстау облысының полиция департаменті қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды", - деп хабарлады Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері оқиға орнынан бейнебақылау камераларын мұқият зерттеді. Қылмыскерлер бой тасалауы мүмкін бағдарлар жасалды. Жаңаөзен қаласына барлық кіру және шығу жолдары жабылды.
Деректер базасы бойынша қылмыскерлер автокөлігінің сипаттамасына сәйкес келетін барлық автокөлік анықталып, тексерілді. Оқиғаны көзімен көргендер мен куәгерлерден жауап алынды.
"Шабуыл жасап, үш қап ақшаны алып кетті": банк желіде тараған видеоны растады
Түн ортасында іздестіріліп жатқан көлікке ұқсайтын автокөлік ұсталды, оның жүргізушісі полиция қызметкерлеріне күдік тудырды.
Видеоны сол жерден зерттеген олар оқтың тиген жерін анықтап, оны бір нәрсемен бітеп жасырғанын байқады. Сондай-ақ инкассаторлық компаниянының жұмыс орнын да анықтап, полиция жүргізушіні қылмыс жасады деген күдікпен ұстады. Алайда ол қандай да бір қарақшылық шабуылға қатысқанын теріске шығарып бақты.
"Ұсталған адамның таныстары мен байланыстарын анықтау бойынша тиісті жұмыстар жүргізгеннен кейін қылмыстық іздестіру қызметкерлері шабуыл жасаған тағы бір күдіктіні анықтап, ұстады. Тінту кезінде одан үйдің қазандығына көмілген ақшаның бір бөлігі табылды", - деп атап өтті полиция қызметкерлері.
11 желтоқсанда полиция қылмыстың үшінші қатысушысын ұстады.
Тергеу анықтағандай, қылмыскерлер инкассаторларға шабуыл жасауға бір ай бойы дайындалған. Олар инкассатор машинасының бағыты мен қозғалыс уақытын есептеп, өзара тиісті міндеттерді бөлісіп, қару таңдаған. Ұрланған ақшаны қаскүнемдер өзара бөлісіп алған болып шықты.
Инкассаторларға шабуыл жасау фактісі бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексінің 192-бабы 4-бөлігі бойынша тергеу жүргізілуде. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.