НҰР-СҰЛТАН, 11 желтоқсан – Sputnik. Қаладағы мектептерді онлайн форматқа ауыстыру мәселесі қаралып жатыр. Бұл туралы елорданың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жанна Пірәлиева мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
10 желтоқсаннан бастап Нұр-Сұлтан қаласы коронавирусты жұқтыру жағынан "қызыл" аймаққа енді. Бас санитар дәрігердің айтуынша, бүгінде оқушылар арасында вирусты жұқтыру жағдайлары да аз емес. Оқу жылы басталғалы 224 оқушыдан коронавирус анықталды. Олардың ішінде 179 бала қашықтан оқыды. Қалаға сырттан келіп оқитын балалар да коронавирусқа шалдыққан.
"Оқушылар мен мұғалімдер арасында ауруды жұқтыру жағдайларының тіркелуіне байланысты мектептерді меншік нысанына қарамастан, қашықтан оқыту формасына ауыстыру мәселесі қаралып жатыр", - деді Пірәлиева әкімдікте өткен онлайн брифингте.
Оның сөзіне қарағанда, бұған дейін аудандардағы санитарлық дәрігерлердің шешімімен қаладағы 20 мектепте оқу процесі тоқтатылған болатын. Осы білім беру мекемелері 14 күнге онлайн форматқа ауыстырылды.
Ауру жұқтырғандармен 590 оқушы қарым-қатынаста болған. Олардың ішінде 8 баладан коронавирус анықталды. Тағы бір мұғалім індетке шалдыққан.