НҰР-СҰЛТАН, 11 желтоқсан – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласының коронавирустың "қызыл" аймағына кіруі қатаң шектеу шараларын енгізуді талап етеді. Бұл туралы елорданың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жанна Пірәлиева мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"10 желтоқсаннан бастап Нұр-Сұлтан қаласы "қызыл" аймаққа кірді. Бұл қатаң шектеу шараларын енгізуді талап етеді. Бірақ қаулы әлі де қарастырылып жатыр. Біз қаулының жобасын жасадық, енді оны өзімізден жоғары тұрған комитетпен келісіп алуымыз қажет", - деді Пірәлиева әкімдікте өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, қаулы жобасында алдағы мереке күндері сауда орындарының жұмысына шектеу енгізу шаралары да бар. Бұдан бөлек, барлық мектепті онлайн форматқа ауыстыру қарастырылған. Блок бекеттер қойылмайды. Шығыс Қазақстан облысында тәулігіне 200 науқас тіркелгенде блок бекеттер қойылған. Ал астанада әзірше күніне 50-120 адам анықталады.
Айта кетейік, бүгінгі брифингте бас санитар қаланың "қызыл" аймаққа кіру себебін түсіндірді.