АЛМАТЫ, 11 желтоқсан – Sputnik. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) құрметті төрағасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бейнеконференция форматында өтіп жатқан ЖЕЭК отырысында сөз сөйледі.
"Шақырып, сөз бергендеріңіз үшін алғыс айтамын. Сіздерді көптен бері көрмедім. Баршаңызды аман-есен, әдемі, мықты қалыпта көргеніме қуаныштымын. Шын жүректен қуаныштымын. Беларусь тарапына, ЕАЭО органдарына төраға ретіндегі табысты жұмысы үшін, бүгінгі кездесуді ұйымдастырғаны үшін жеке Александр Григорьевичке алғысымды білдіремін. Ол әрдайым барлық мәселеге байсалды түрде, мұқият қарайды", - деп бастады сөзін Назарбаев.
Өзбекстан мен Кубаға ЕАЭО жанындағы бақылаушы мәртебесі берілмек
Куба және Өзбекстан Республикаларына Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы мемлекет мәртебесін беруге байланысты Еуразиялық одақтың географиясын кеңейтуге қатысты кезекті қадамдар қабылданып жатыр, деп жалғастырды ол.
"Орталық Азия мемлекеттері біздің ұйымның жұмысына қызығып жатқаны қуантады. Құрметті Шавкат Миромонович (Мирзиеев), сізге алғыс айтып, қызығушылық танытқаныңыз үшін құттықтағым келеді. Өзбекстанның бақылаушы ретінде қатысуы Өзбекстанға да, барлық мемлекетке де пайда әкелетініне сенімдімін", - деді Елбасы.
Назарбаев осы жылдың жағымсыз оқиғаға, соның ішінде ауыр пандемияға, экономикалық дағдарысқа толы болғанын айтып өтті.
Оқи отырыңыз: Назарбаев жастарға үндеу жасады
"Беларусь елінде өткен сайлауды, Армениядағы оқиғалардың бәрін бақылап, уайымдап отырдық. Бәрі артта қалды деген сенімдеміз. Пандемияның өзі дағдарыс кезіндегі мемлекеттің рөлін тағы да көрсетті. Мемлекеттік реттеудің жедел шараларының арқасында пандемияның жағымсыз сценарийлерінен, экономикалық белсенділіктің бақылаусыз құлдырауынан, адам капиталын айтарлықтай жоғалтудан айналып өтуге мүмкіндік туды" - деп толықтырды ол.
Covid-19 пандемиясы кезіндегі Ресей көрсеткен көмек
Назарбаев ішкі нарықтардағы тұрақтылықты тек мемлекеттік қолдаудың қамтамасыз еткенін айтты.
"Covid-19 пандемиясына қарсы күрес шеңберінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер кооперациясының және өзара гуманитарлық көмек алмасудың жоғары деңгейін атап өткім келеді. ЕАЭО аумағында коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау жөніндегі іс-шаралар жоспары бірлесіп әзірленді. Мен әрқашан одақтастарына қолдау көрсеткен Ресейдің маңызды байланыстырушы рөлін ерекше атап өткім келеді. Пандемия кезінде біз бір-бірімізге көмектестік", - деді Назарбаев.
Елбасы Ресейдің бірінші болып Covid-19 вакцинасын жасап, одақ елдеріне ұсынғанын айтты. Осы күрделі кезеңде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер адал серіктес ретінде үрейге бой алдырмады, деп атап өтті Елбасы.
"Бес жылды қорытындылай келе, сенімді түрде интеграция мақсаттары алға жылжып жатқанын және бәріне қол жететініне сенімдімін. ЕАЭО елдерінің өзара сауда көлемі бес жыл ішінде 35%-ке өсіп, 62 миллиард долларды құрады. 2015 жылы 46 миллиард болды. Нәтижесінде ЕАЭО елдерінің жалпы ЖІӨ 21%-ке өсіп, 2 триллион долларды құрады. Алайда экономиканың одан әрі өсу әлеуеті бұрынғысынша ауқымды", - деп атап өтті Назарбаев.
Айта кетейік, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы бейнеконференция форматында өтіп жатыр.
Оған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей президенттері ұсынылған Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарының жобасын қарастырып жатыр.
Күн тәртібіндегі 28 мәселенің ішінде одақтың 2021 жылға арналған халықаралық қызметінің негізгі бағыттары, бірыңғай газ нарығын қалыптастырудың жаңа кезеңі, мұнай саласындағы заңнама, ЕАЭО-ның келесі жылға арналған бюджеті тақырыбы бар.