АЛМАТЫ, 10 желтоқсан – Sputnik. Қазақстандық теңге қарашада 1,8%-ке нығайды, желтоқсанда да өсім байқалады, деп мәлімдеді үкімет отырысында ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев.
Досаевтың айтуынша, қарашада айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 432,66 теңгеден 425,07 теңгеге жеткен, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ұлттық валютаның нығаюына қолайлы ішкі конъюнктура әсер еткен. Сондай-ақ, ішкі ұсыныстың артуы да себеп. Өйткені экспорттаушылар салық төлемдерін жүзеге асыру үшін шетел валютасын сатты.
"Бірден бірнеше вакцинаны сәтті сынақтан өткізу туралы хабар және АҚШ-та президенттік билікті формалды тапсырыла бастауы тәуекелді активтерге деген сұранысты ұлғайтты", - деді Досаев.
Сонымен қатар Ерболат Досаев қарашада мұнай бір баррелі үшін 37,5 доллардан 47,6 долларға дейін, яғни 27%-ке өскенін хабарлады.
"ОПЕК+ өндіруді мейлінше қалыпты қарқынмен ұлғайту туралы шешім қабылдады. Бұдан кейін желтоқсанда мұнайға баға белгілеу өсіп келеді. Желтоқсан айы басталғаннан бері 9 желтоқсанға дейін Brent 2,7%-ке, демек бір баррелі үшін 48,86 АҚШ долларына дейін өсті", - деді Досаев.
Сонымен қатар Досаев АҚШ доллары индексінің төмендеуі дамушы елдер валюталарының динамикасына оң әсер еткенін айтты. Бразилия реалы бір айда – 6,6%-ке, түрік лирасы – 6,2%-ке, Оңтүстік Африка ранды мен Мексика песосы – 4,7%-ке, Ресей рублі 3,7%-ке нығайды.
Кепілді трансферт шеңберінде Ұлттық қордың активтерін конвертациялау және квазимемлекеттік сектор компанияларының экспорттық валюталық түсімінің бір бөлігін міндетті сатуы қарашада валюта нарығының теңгерімді болуының қосымша факторы болды.